Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық салалардағы әріптестікті кеңейтуді көздейді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастықты болашағы зор бағыттың бірі екенін атап өтті.
🟦 Сирек металдар саласында жаңа ұсыныстар әзірленбек
Мемлекет басшысы осы бағыт бойынша құрылатын Жұмыс тобына барлық аспектіні жан-жақты зерделеп, өзара тиімді серіктестікті дамыту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
🟦 Транзит-транспорт саласындағы ықпалдастықтың стратегиялық маңызы
Президент транзиттік және көліктік саладағы кең ауқымды ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтті. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту бағытында нақты шаралар қолға алынған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел үкіметтері логистикалық тізбектің барлық қатысушысы үшін қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымдық, нормативтік және институционалдық мәселелерді бірлесе шешуі тиіс.
🟦 Халықаралық дәліздер бойынша тиімді ықпалдастық жалғасады
Президент Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ), Солтүстік – Оңтүстік дәлізі және Ауғанстан арқылы өтетін теміржол бағыттарын дамытудағы үйлестірілген қадамдардың өзекті екенін атап өтті. Бұл бағыттар өңірлік экономикалық интеграцияны күшейтуге айтарлықтай үлес қосады.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанды Ақтау және Құрық порттарында серіктестік орнатып, Транскаспий дәлізін бірлесе дамытуға және жаңа логистикалық жобаларды іске асыруға шақырды.
🟦 Су-энергетика саласы – тұрақтылықтың негізгі факторы
Президенттің айтуынша, су-энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық қазіргі жағдайда ерекше маңызға ие. Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалану – екі елдің де әл-ауқаты мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясатын үйлестіруге бағытталған жүйелі шараларды бірлесіп әзірлеуді ұсынды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұл бастамалар стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, аймақтық тұрақтылық пен экономикалық дамуға тың серпін береді.
