Қазақстан мен АҚШ: Инвестициялық және энергетикалық әріптестіктің жаңа кезеңі
Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық серіктестік соңғы жылдары қарқынды дамып, экономикалық, технологиялық және энергетикалық байланыстардың кеңеюіне жол ашты. Бүгінде АҚШ Қазақстанның Орталық Азиядағы басты сауда әрі инвестициялық серіктестерінің бірі болып саналады. Инвестициялардың тұрақты өсімі, ірі жобалардың жүзеге асуы және жаңа ынтымақтастық бағыттарының қалыптасуы екі ел арасындағы қатынастың тереңдігін айқындайды.
Инвестициялар және экономикалық ықпалдастық
Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азиядағы негізгі әріптес саналады. Аймаққа бағытталған барлық америкалық инвестицияның 80 пайызы елімізге тиесілі. Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстан экономикасына АҚШ тарапынан 60 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша американдық инвестиция көлемі 869 миллион долларды құрады, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 362,4 миллион долларға жетті. Ел аумағында АҚШ капиталы бар 630-дан астам компания табысты жұмыс істеп, өндіріс, сервис, логистика, IT және басқа да салаларға үлес қосуда. 2023 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты тауар айналымы 4 миллиард долларға жетіп, сауда көлемі тұрақты түрде артып келеді.
Инвестициялық серіктестіктің маңызды хабы – Астана халықаралық қаржы орталығы. АХҚО ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейді, визалық әрі еңбек режимдері жеңілдетілген, ал салықтық жеңілдіктер 2066 жылға дейін қарастырылған. Қазіргі таңда мұнда 80 елден 4 200-ден астам компания тіркелген, оның ішінде 60-тан астамы АҚШ-тан. Орталық Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржы хабтары арасында GFCI индексі бойынша бірінші орында.
Ірі жобалар және технологиялық ынтымақтастық
Екі ел арасындағы ірі жобалардың қатарында Wabtec пен «ҚТЖ» арасындағы локомотив жөніндегі 4,2 миллиард долларлық келісім ерекше орын алады. Сондай-ақ «Қазақтелеком» мен Amazon компаниясының Kuiper жобасы аясындағы әріптестік Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр.
Қазіргі уақытта 10 жоба жүзеге асырылып жатыр, жалпы құны 538,5 миллион доллар. 5,9 миллиард долларды құрайтын 9 жоба іске асырылу сатысында. Ал 2,55 миллиард доллар инвестиция тартатын 15 жоба дайындық кезеңінде. Бұл – алдағы жылдары екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың одан әрі тереңдей түсетінінің айқын белгісі.
Энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастық
Қазақстан мен АҚШ арасындағы ең маңызды салалардың бірі – энергетика. 1993 жылы Chevron компаниясы Қазақстандағы алғашқы ірі америкалық инвестор ретінде TengizChevroil консорциумын құрды. Осылайша америкалық компаниялар еліміздің мұнай-газ секторында ұзақ мерзімді сенімді серіктеске айналды. Chevron және ExxonMobil 30 жылдан бері Қазақстандағы ірі жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Бүгінде әлемдік мұнай өндірісінің 25 пайызы осы компаниялардың Қазақстандағы активтерінде шоғырланған.
Сонымен қатар АҚШ компаниялары қазақстандық көмірсутектердің экспорты арқылы Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосып отыр.
Ядролық энергетика және уран нарығы
Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде жетекші орында. Ғаламдық сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз ететін еліміз АҚШ нарығына уран жеткізуді ұлғайтуға дайын. Қазіргі таңда АҚШ-та тұтынылатын уранның 24 пайызы Қазақстаннан экспортталады. Сарапшылар 2030 жылға қарай әлемде уран тапшылығы күшейетінін болжайды. Осы жағдай Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық энергетика саласындағы ықпалдастықтың стратегиялық маңызын арттыруда.
Сындарлы минералдар және жоғары технологиялар
Қазақстан сирек жер металдары мен стратегиялық минералдарға бай мемлекет. АҚШ-пен бірлескен жобалар титан, бериллий, рений сияқты жоғары технологиялық өндірісте қолданылатын материалдармен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан АҚШ-қа 50 аса маңызды элементтің 19 түрін жеткізіп отыр. Бұл минералдар заманауи ұшақ корпустарында, реактивті қозғалтқыштарда, атом энергетикасында және ғарыштық жобаларда қолданылады.
Сирек жер металдарының қоры елімізде 2,6 миллион тоннаға жетеді. Арнайы экономикалық аймақтарда инвесторларға 0 пайыздық салықтық режим ұсынылып отыр. 2025 жылы Қазақстан мен АҚШ МАГАТЭ аясында стратегиялық ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауды жоспарлап отыр.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы инвестициялық және энергетикалық серіктестік бүгінде жаңа белеске көтерілді. Экономика, технология, қаржы және энергетика бағыттарындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық байланыстардың тұрақтылығын нығайтып, жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жол ашып отыр.
