Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында заманауи технологиялардың, әсіресе жасанды интеллекттің қарқынды дамуы адамзат өмірінің барлық саласына әсер етіп отырғанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл үдеріс тек экономикалық немесе ғылыми саламен шектелмейді – ол қоғамның, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен дүниетанымына түбегейлі ықпал етуде.
📍 «Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады», – деді Президент.
Бұл сөздер тек ескерту ғана емес, сонымен қатар елдің болашақ бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар болып табылады. Бүгінгі таңда әлем елдері жасанды интеллектті дамыту арқылы экономиканың тиімділігін арттырып, басқару жүйелерін оңтайландырып, әлеуметтік саланы жетілдіруде. Ал Қазақстан үшін бұл бағыт – жаңа технологиялық серпілістің бастауы.
Президент атап өткендей, алдағы үш жылда Қазақстан «жаппай цифрлық елге» айналуы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін білім беру жүйесінде ІТ және инженерлік бағыттарды күшейту, отандық мамандарды жаңа технологияларды игеруге үйрету, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
Жасанды интеллекттің дамуы өндірісте, медицинада, ауыл шаруашылығында және мемлекеттік басқаруда жаңа мүмкіндіктер ашады. Алайда мұндай прогресс адам капиталының сапасына, креативті ойлау мен технологиялық мәдениет деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан елімізге сандық сауаты жоғары, инновацияға бейім жаңа буын мамандар қажет.
📍 Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлық даму – бұл тек технология емес, ұлттың жаңа өмір салтына көшуі. Жаңа ғасырдың табысты мемлекеті болу үшін Қазақстан азаматтарының әрқайсысы цифрлық құралдарды еркін меңгеріп, оларды өмірдің барлық саласында тиімді қолдануға дағдылануы тиіс.
Қорыта айтқанда, Президенттің Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландыру бағытына ерекше мән берілуі – елдің болашағына бағытталған батыл шешім. Бұл Қазақстанды жаңа технологиялық дәуірге бастайтын нақты қадам болмақ.
