Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумына қатысуда. Бұл маңызды алаң әлемдік білім және ғылым кеңістігіндегі ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жоғары білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Форумға жетекші шетелдік университеттердің ректорлары мен халықаралық рейтингтік және аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері қатысуда. Атап айтқанда, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО), Бейжің тіл және мәдениет университеті, Кардифф университеті, Вусонг университеті, МИФИ, Минерва университеті және өзге де беделді жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосты.
Іс-шара аясында тараптар жоғары білім берудің заманауи бағыттарын, цифрлық трансформацияның әсерін, сондай-ақ білім саласындағы халықаралық рейтингтер мен сапаны бағалау жүйелерін талқылауда.
Форумның басты мақсаты – Қазақстанды аймақтық және жаһандық деңгейдегі академиялық хабқа айналдыру, үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу және шетелдік серіктестермен өзара тиімді байланыстарды дамыту. Бұл бастама елдің адами капиталының сапасын арттырып, жаңа буын бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға зор серпін бермек.
 
                        