Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тарихында көптеген маңызды кезеңдер мен бетбұрыстар болды. Солардың бірі – 25 қазан, яғни Республика күні. Бұл күн – еліміздің саяси, әлеуметтік және рухани дамуының жаңа белесін айқындайтын ерекше тарихи дата. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күнге қайтадан ресми мереке мәртебесі беріліп, халықтың жадындағы тарихи оқиғаларға жаңаша көзқарас қалыптасты.
Соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайту, әділеттілік пен заң үстемдігіне негізделген басқару моделі – бұның барлығы Жаңа Қазақстан идеясының негізі болып табылады.
Жаңа Қазақстан – бұл жай ғана ұран емес, ол – нақты әрекеттер мен жүйелі өзгерістердің нәтижесі. Президент Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға енгізілген өзгерістер, Сенат пен Мәжілістің қызметін жетілдіру, партиялық жүйені реформалау, адам құқықтарын қорғау, ауылдық жерлерді дамыту – мұның бәрі мемлекетті мүлде жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадамдар.
Осы тұрғыда Республика күнінің мәні бұрынғыдан да арта түсті. Бұл күн – тек тарихи шегініс жасау емес, болашаққа деген сенімді, жаңа мүмкіндіктерге ашық ел болуға ұмтылудың көрінісі.
25 қазан – барша халықтың бірлігі мен тұтастығының, ортақ құндылықтар мен мүдделердің символы. Республика күні – әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін, Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің арта түсетін мереке. Бұл күнде мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі патриоттық іс-шаралар, ғылыми конференциялар, пікірталастар ұйымдастырылады. Жастарға тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды сіңіру жұмыстары осы күнмен ұштасып жатыр.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Республика күнін тойлау – мәдени мұраны сақтау, тарихты құрметтеу және оны заманауи тұрғыда дамыту үшін тамаша мүмкіндік. Халқымыздың бай дәстүрі мен тілі, әдебиеті мен өнері – бұл егемендіктің басты тіректерінің бірі.
Қорытындылай келгенде, 25 қазан – Республика күні – бұл тек тарихи дата ғана емес, бұл – халқымыздың санасындағы мемлекеттілік идеясының оянған күні. Жаңа Қазақстанның құрылу жолындағы бұл күннің маңызы зор. Бұл – еркіндік пен дербестікке бет алған ұлттың болашағына сеніммен қарауының көрінісі.
Жаңа Қазақстан – бұл барша халықтың ортақ жобасы. Әділетті, ашық және демократиялық мемлекет құру жолында әр азаматтың үлесі бар. Республика күні – осы ұлы мақсат жолындағы ынтымақ пен бірліктің символы.
Бүгінгі Қазақстан – өз жолын айқындаған, болашаққа нық қадам басқан тәуелсіз мемлекет. Ал 25 қазан – осы жолдың бастауы, жаңа белеске жетелейтін асыл күн.
Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің
сектор меңгерушісі
Л.Байзаққызы