Ел бірлігі мен тыныштығы – Қазақстанның ең үлкен байлығы

Жаңалықты бөлісіңіз:

Ел бірлігі мен тыныштығы – Қазақстанның ең үлкен байлығы

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдің басты байлығы – оның бірлігі мен тыныштығы екенін ерекше атап өтті. Президенттің:

«Жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын» деген сөзі – қазіргі қоғамға айтылған ең маңызды үндеу.

 

Тыныштық пен тұрақтылық – кез келген мемлекеттің дамуындағы басты шарт. Қаншама елдер ішкі алауыздық пен саяси тұрақсыздықтың салдарынан артқа кетіп, халықтың тұрмыс деңгейі төмендегенін тарих талай рет дәлелдеді. Ал Қазақстанның жеткен жетістіктері мен халықаралық беделі – бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің жемісі.

 

Президент Жолдауында ел бірлігін сақтау – тек биліктің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін нақты айтты. Бұл – әрбір азаматтың жүрегінде сақталуы тиіс ұстаным. Тыныштықты сақтау дегеніміз – татулықты сақтау, өзара құрметті сақтау, елдің іргесін сөгетін ұсақ келіспеушіліктер мен дау-жанжалдарға жол бермеу деген сөз.

 

Бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдай күрделі. Көршілес елдерде болып жатқан дағдарыстар мен қақтығыстар бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін еске салады. Сондықтан да Президентіміз ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты сақтау үшін қоғамды сабыр мен парасатқа, түсіністік пен ынтымаққа шақырады.

 

Бейбітшілік – біздің ұлттық идеямыздың өзегі.

Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында этностар мен діндер арасындағы келісімнің үлгісін көрсетті. Бұл – оңай жетістік емес. Оны сақтау, нығайту – баршамыздың ортақ парызымыз.

 

Жолдауда айтылғандай, елдің дамуы үшін ең алдымен ішкі бірлік қажет. Мемлекет басшысы әлеуметтік әділдікті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау, жастарға мүмкіндік беру сияқты бағыттар арқылы қоғамда сенім мен келісім атмосферасын қалыптастыруға басымдық берді. Өйткені әділдік бар жерде тұрақтылық бар, тұрақтылық бар жерде даму бар.

 

Сондай-ақ Президент еліміздің болашағы – жастар екенін ерекше атап өтті. Жастарды елжандылыққа, Отанға адалдыққа, қоғамдағы тыныштық пен тәртіпті бағалауға баулу – баршамыздың міндетіміз. Себебі ертең ел тізгінін ұстар буынның бойында бейбіт өмірдің құнын түсіну сезімі қалыптаспаса, ел болашағы да сенімсіз болмақ.

 

Бүгінгі таңда әрбір отбасында, әрбір еңбек ұжымында, әрбір оқу орнында өзара сыйластық пен түсіністік болса, ол елдегі тұрақтылықтың бастауы болады. Ел тыныштығын сақтау – тек саяси міндет емес, рухани мәдениет пен азаматтық сана мәселесі.

 

Сондықтан да, Президенттің бұл үндеуі – бүкіл халқымызға бағытталған бірлікке шақыру, бейбіт өмірді қорғауға арналған нақты бағдар.

Тыныштықты сақтау – елдің ертеңін сақтау.

Бірлікті сақтау – болашақ ұрпаққа берілетін ең үлкен аманат.

 

Біздің парызымыз – осы құндылықтарды көздің қарашығындай қорғау, әр істен татулықтың лебін сезіндіру, қоғамның тұтастығын сақтауға үлес қосу. Сонда ғана біз мықты, әділетті, өркениетті Қазақстанды бірге құра аламыз.

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *