Қаламызда «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық грантының жеңімпаздарының бірі – Макенбаева Арайлым Ерланқызының бастамасымен «Qadam» жекпе-жек өнері академиясы өз жұмысын бастады. Аталған жоба 3 000 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант иегері атанып, бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр.
Бұл орталықтың басты мақсаты – балалар мен жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау. Академияда жас спортшылар әртүрлі жекпе-жек түрлерімен айналысып, өздерінің денсаулығын нығайтып, тәртіп пен табандылыққа, ерік-жігерге тәрбиеленеді. Мұнда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалып, олардың жеке тұлғалық дамуына ерекше назар аударылады.
Қазіргі таңда «Qadam» академиясы қаламыздың спорттық өміріне жаңа серпін беріп отыр. Жоба іске қосылғалы бері көптеген жас спортшы жаттығуларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Бұл – балалар мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, мұндай бастамалар жергілікті кәсіпкерлікті қолдаудың нақты нәтижесі болып табылады. Мемлекеттік грант арқылы жүзеге асқан жобалар қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жас кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға жол ашуда.
Осындай игі істер тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қаламыздың әлеуетін арттыруға және жастарды спортқа баулуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Салауатты ұрпақ – ел болашағы, ал осындай жобалар – сол болашақтың берік іргетасы.