Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында халқымыздың бірлігі мен ел ішіндегі тұрақтылықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, қоғамдық татулық пен елдің ішкі ахуалының тұрақтылығы — кез келген мемлекеттің берік дамуының негізі. Егер халқымыз ынтымақ пен сабыр сақтаса, біз кез келген қиындықты еңсеріп, жаңа биіктерге жете аламыз.
Президент өз сөзінде Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген даналық сөзін мысалға ала отырып, бұл ойдың бүгінгі заманда да өзектілігін жоғалтпағанын айтты. Шынында да, қоғамдағы бірлік, өзара құрмет пен түсіністік – елдің тыныштығы мен тұрақтылығының басты кепілі. Егер әр отбасы, әр азамат мәдениет пен әдепті, ізгілік пен татулықты өз өмірінің негізі етіп алса, онда қоғамымыз мықты әрі өркениетті болары сөзсіз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі күрделі және бұлыңғыр заманда ең маңызды міндет — еліміздің егемендігі мен жеріміздің тұтастығын сақтау. Бұл — әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Ел тыныштығы мен қоғам тұрақтылығын сақтау үшін баршамыз бірігіп, сабыр мен парасаттылық танытуымыз қажет. Президент жұртты бейбітшілік пен келісімді бағалай білуге, бірлікті сақтауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазіргі заманғы патриотизмнің жаңа қырларын да түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, бүгінде отансүйгіштік тек дәстүрлі ұғымдармен — тіл, мәдениет немесе руханиятпен ғана өлшенбейді. Патриотизм — елдің дамуына үлес қосу, жауапкершілік алу, қоғам игілігі үшін еңбек ету деген сөз. Яғни нағыз патриот өз ісімен, еңбегімен, өнегесімен мемлекет мүддесін қорғаушы тұлға болуы тиіс.
Президент бұл тұрғыда:
«Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін. Әрине, ол – дұрыс, себебі тіл мен мәдениет, руханият – ұлт болмысының өзегі. Бірақ қазіргі уақытта патриотизмге жаңа мазмұн беретін кез келді. Бұл – ел игілігіне қызмет ету, мемлекетті нығайту, қоғамға үлес қосу», – деп атап өтті.
Мемлекет басшысының бұл сөзі – барша азаматқа үндеу іспеттес. Әркім өз орнында, өз саласында еңбек ете отырып, елдің өркендеуіне үлес қоса алады. Бұл – ұстаздың шәкірт тәрбиелеуінен, дәрігердің адал қызметінен, жұмысшының еңбегінен, кәсіпкердің табысынан көрінетін шынайы патриотизм.
Сондай-ақ Президент қоғамдағы мәдениет пен әдептің маңызын да ерекше атады. Ол әрбір азамат өз бойында ізгілік, сыйластық және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырса, бүкіл елде тұрақтылық пен татулық орнайтынын айтты. Бұл құндылықтар ең алдымен отбасынан бастау алады. Себебі тәрбиелі ұрпақ – мемлекет болашағының кепілі.
Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған бұл Жолдауы — ел бірлігін нығайтуға, рухани жаңғыру мен патриоттық сананы күшейтуге бағытталған маңызды үндеу. Президенттің «Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз» деген сөзі – әр қазақстандықтың жүрегіне жол табатын, ел болашағына сенім ұялататын дана пайым.
Бұл ой еліміздің басты байлығы – бірлігі мен татулығын сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салады. Тек бірлік пен өзара сыйластық арқылы ғана біз тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанды жарқын болашаққа бастай аламыз.