Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мәдениет пен өнер саласының маңыздылығын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, ұлттық мәдениет – халықтың рухани байлығы мен бірлігінің негізі. Сол себепті мәдениет пен өнер инфрақұрылымын дамыту, шығармашылық ұжымдарды қолдау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі.
Осы орайда Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры да ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Театр тарихы терең, сахнасында ұлттық классикадан бастап заманауи қойылымдарға дейін талай туындылар орындалған.
Театр директоры Досхан Сәкен мәдениет саласына қатысты Президент Жолдауын қолдай отырып, өз пікірін білдірді:
«Президентіміздің мәдениет пен өнерге ерекше көңіл бөлуі – біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Театрымыз – өңірдің рухани орталығы. Бізге ең бастысы – көрерменнің ықыласы. Дегенмен, ғимаратты жаңғырту, заманауи техникалық жабдықтар алу сынды мәселелер бар. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, біз өнерді жаңа деңгейге көтере аламыз», – дейді театр директоры.
Сондай-ақ ол жас актерлерді қолдаудың, шығармашылық бастамаларды дамытудың маңызы зор екенін атап өтті. Театр ұжымы алдағы уақытта да ел руханиятын байыту жолында еңбек ете бермек.