2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама елдегі өндірістік кадрлар даярлауды күшейту, техникалық және кәсіптік білімге деген сұранысты арттыру мақсатында қолға алынды.
Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтары – экономиканың қозғаушы күші. Құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, механик, токарь, аспаз, жүргізуші сынды мамандықтар қоғам өмірінің әр саласында маңызды рөл атқарады. Алайда соңғы жылдары бұл салаларға жастардың қызығушылығы төмендеп кеткен болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары іске асырылуда.
Жыл аясында кәсіптік білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңарту, оқу-өндірістік базаларды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау, дуальды оқыту жүйесін кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында түрлі форумдар, шеберлік сабақтары, байқаулар мен медиа-жобалар ұйымдастырылуда.
Жұмысшы – ел тірегі деген ұранмен аталып жатқан бұл жыл, жастарды нақты кәсіп игеруге ынталандырып, еңбек нарығындағы теңгерімді сақтауға ықпал етеді деп күтілуде.