Президенттің айтуынша, мемлекет бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш жігерін жұмсайды. Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект жүйесін құру ісін тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты деп санайды. Сондықтан Президент бұл бағытқа өзі жетекшілік етеді және шетелдік, отандық мамандармен кездеседі, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын бақылайды.
Мемлекет басшысы елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруымыз керек деп санайды. Бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатыр. Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қабылданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады.
– Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни, мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді, – деді Президент. Мемлекет басшысы Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталды. Бүгінде оның 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі. Сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі бақылаушы органдардың бизнеске қысымын шектеудің маңызды құралына айналады. Ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады және адамның қатысуынсыз тексеруді белгілеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнеске жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарады. Ал айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды.