Сәтбаев қаласында тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында ангар үлгідегі жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл игі жоба Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асты.
Қордың негізгі демеушілерінің бірі – «Қазақмыс» корпорациясы».
Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қоры республика бойынша 23 ангарлық үлгідегі спорт кешенін салу жобасын іске асыруда. Соның ішінде Ұлытау облысында екі нысан жоспарланып, оның алғашқысы – Сәтбаев қаласында бой көтерді.
Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын жаңа спорт кешені баскетбол, волейбол және шағын футбол секілді ойын түрлеріне бейімделген. Мұнда күніне 100-ден астам бала спортпен шұғылдана алады деп күтілуде.
Кешеннің ашылуы – қаладағы бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп, жастарды салауатты өмір салтына тартуға ықпал ететін маңызды қадам.