Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірлерде өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермаларын салу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облысындағы сүт-тауарлы фермаларына баспасөз турын ұйымдастырды. Шара барысында БАҚ өкілдері жұмыс істеп тұрған «Родина», «Еңбек» және «Ен-Дала» шаруашылықтарының қызметімен танысты. Жобалар 2023 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қаржыландырылды.
«Еңбек» шаруашылығы егіншілікпен, тұқым шаруашылығымен, органикалық егіншілікпен, сондай-ақ сүт бағытындағы ірі қара мал өсірумен айналысады. 2024 жылы «Еңбек» ЖШС Қазақстандағы алғашқы органикалық сүт-тауарлы фермасын іске қосты. Кәсіпорын жылына 3 мың тоннаға дейін сүт өндіреді. Жоба құны – 8,2 млрд теңге. Фермаға СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында Даниядан 269 голштин тұқымды ірі қара мал әкелінді (жалпы 900 бас).
Фермада жасанды интеллектпен жабдықталған төрт доңай робот орнатылған, әрқайсысы күніне 65 басқа дейін саууға арналған.
Журналистерге роботтандырудың артықшылықтары туралы айтылды: адами факторды азайту, қол еңбегін қысқарту, адаммен тікелей байланыстың болмауы – бұл жануарлардың күйзеліске ұшырау деңгейін төмендетіп, сүт сапасын жақсартады және өнімділікті арттырады.
2025 жылы тағы екі қора мен 8 роботты іске қосу жоспарланып отыр. Толық қуатқа шығу сол жылы күтілуде. Болашақта терең өңдеу мен органикалық ірімшік өндірісін іске қосу көзделуде.
Целиноград ауданында орналасқан «Родина» агрофирмасы 2025 жылдың басында Қазақстан мен Орталық Азияда баламасы жоқ роботтандырылған сауу цехын іске қосты. Сауу каруселі 5 сағатта 2 000 басқа дейін малды қамти алады, бір мезетте 80 басты сыйғызады. Жоғары деңгейдегі автоматтандырудың арқасында процесті 12 адамнан тұратын бір ауысым атқара алады.
Сауу залы жануарлар мен персоналға жайлылықты қамтамасыз ететін инновациялық технологиялармен жабдықталған. Жоба аясында ферма 1 132 басқа дейін кеңейтіліп, 850 басқа арналған бұзау қора салынды.
Агрофирма өкілдерінің айтуынша, инвестициялық жобаны іске асыру жалпы сүт өндірісінің көлемін 34,5 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін ұлғайтуға және еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
2024 жылы «Ен-Дала» ЖШС өңірдегі ең ірі 2 000 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын іске қосты. Жоба құны – 11,5 млрд теңге. Шаруашылықта 1 989 ірі қара мен 900 жылқы бар.
2024 жылы кәсіпорын DeLaval компаниясының заманауи жабдықтарын енгізді: 50 орындық сауу каруселі, TSR роботы, CWC салқындатқышы, «Шырша» (2х5) сауу залы, сондай-ақ жануарларды салқындатылған шатырлы жайларда ұстауға арналған ғимараттар.
Ферма тәулігіне шамамен 30 тонна шикі сүт өндіреді. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Жалпы, 2023 жылы СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша Қазақстанда 69 сүт-тауарлы фермасының құрылысы қаржыландырылды. Оның ішінде жалпы қуаттылығы 270 мың тоннадан асатын 40 ферма пайдалануға берілді. Тағы 29 ферманы 2025 жылы іске қосу көзделуде, олардың қуаттылығы шамамен 100 мың тоннаны құрайды.
Қазіргі уақытта бағдарлама аясында қосымша 12 СТФ қаржыландырылып, тағы 4-еуін қаржыландыру жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін олардың сегізін іске қосу жоспарланып отыр, олардың өндірістік көлемі – 37 мың тонна.
Сонымен қатар, 2025 жылы осы бағдарлама бойынша тағы 25 жаңа СТФ салу және 7 ферманың өндірістік қуатын кеңейту көзделген. Жалпы 32 ферманың жиынтық қуаты – 160 мың тонна.
Осылайша, жалпы қуаттылығы жылына 600 мың тоннадан асатын 110 өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермасын салу және кеңейту еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.