Маусымның ортасы ауа соғыс басталысымен Отан қорғау қажеттігін түсінген Құрмаш қарашада отарбаға отырды. Бағыт – Батыс. «Қырық жыл қырғын болса да ажалы жеткен ғана өледі» демекші, ол өлімнен қорыққан жоқ. Бүгін Батыста ойран салып жатқан зұлым жаудың ертең сайын даланың төсіне, Сарыарқаның төріне жетіп келмесіне кім кепіл?! Ол содан ғана қорықты. Майданға сұранғаны да сондықтан. Жаудың бетін келген жерінде қайтаруды армандады.
Соғыстың аты – соғыс. Тіпті, елге хат –хабар жіберуге де мүмкіндік болмай қалады. Сталинград қаласын қорғауға келгенін бір хабарлап хат жіберіп еді, содан соң қолға қалам алудың да еш реті келмеді. Арасы әжептәуір үзіліп қалса керек. Бір күні өзіне елден, Қарсақбайдан хат келіпті. Алып қараса ағасы Ахметтен келген екен. Өлеңдетіп жазыпты. Сол хатты үнемі қалтасына салып сақтап жүрді. Кейін елге оралғанда өзімен бірге ала келді.
«Мекенің сенің Арқаға біткен тау еді,
Сапарға сені шығарған еліме төнген жау еді.
Дұшпаннан қатер болды ма, білмейміз енді о жағын,
Денсаулығың қарағым, кеткеніңде сау еді.
Әуеден ұшар сары құс,
Өткен күннің бәрі – түс.
Соңғы келген хатыңда
Сталинград депті адрес.
Артыңда қалған туыстан
Тірі деп ия тілек жоқ,
Өлі деп ия дұға жоқ.
Хабарсыз кеткен сендердей,
Әрбір үйде жалғыз көп.
Шабады жүйрік жосылған,
Ақбөкен желдей осылған.
Бір күн жылап жас төгер,
Болған жоқ жарың қосылған.
Жездінің бойын бойлап жат,
Жағалай бие байлап жат.
Тірі жүрсең қарағым,
Ел –жұртыңды ойлап жат» деп жазылған екен хатта.
-Сол хатты алғанда көңілім кәдімгідей босады. Елім, жерім көлбең –көлбең етіп көз алдыма келе қалды – деп отыратын еді Құрекең майдан күндерін есіне алғанда.
Жүрегінің тұсынан жанай тиген оқтың кесірінен сол қолынан мүгедек болып қалды. Алты ай госпитальда жатты. Ақыры, елге қайтарды. Келісімен бейбіт еңбекке араласты. Басшылар обалы нешік, қолының кемістігіне қарап жеңілдеу жұмыс берген еді. Келіншегі Үміткердің де қолында кінараты бар еді,ол да ауыр жұмысқа жарай қоймайтын. Сосын «Тәуекел» деді де , Қарсақбайдың мыс зауытына , теміржолға жұмысқа тұрды. Бұл -1964 жыл болатын. Міне, қызық! Мұндай да болады екен –ау,бірте –бірте денсаулығы түзеліп, қолының мүкістігі мүлдем байқалмайтындай жағдайға жетті. «Еңбек адамды шыңдайды» деген осы екен ғой!» деп күліп отыратын еді» – дейді әкесін есіне алғанұлдарының бірі Ибраһимғабидолла.
Үміткер ана 13 құрсақ көтерді. «Батыр Ана» атанды. Ұл –қыздары аттарына кір келтірмеді, өмірден өз орындарын тапты. Бәрі де қарапайым еңбек адамдары болды, басым көпшілігі кен орындарында еңбек етуді ұйғарды. Өткенде бір есептеп қараса, Құрмаш Әлкеевтің әулетінің жалпы еңбек өтілі 500 жылға тақаған екен. Керемет емес пе? Егер, әкелері майданнан оралмай қалғанда ше?
-Бұл да Құдайдың берген бақыты ғой. Әкеміз жаудан елді қорғаудан жасқанған жоқ. Адал тер төкті. Бізге жақсы жол көрсетіп кетті. Сондықтан, әкеміздің есімін қастерлеп, рухынаадалдықтан айнымауды міндетімізге балаймыз –дейді Ібекең. Ибраһимғабидолланың өзі де сөзін іспен көрсетіп жүрген азамат. Ол -«Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава Шарты әскерінің тобы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы филиалының белді мүшесі. Сәтбаев қаласындағы қоғамдық –саяси, мәдени – көпшілік жұмыстардың бел ортасынан И. Әлкеевті жиі көруге болады. Міне, нағыз әке жолын жалғастыру деген осындай болса керек!
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп ақын жырлағандай соғыс өртінің сөніп, Жеңіс жалауы желбірегелі 80 жыл толды. Бейбітшілік пен тыныштыққа ештеңе де жетпейді. «Бірда бар, бірде жоқ болып жүрсең де, егер аспаның ашық болып тұрса , содан асқан бқыт жоқ» дейтін еді әкесі. Ибраһимғабидолла да қазір жүрген жерінде үнемі осылай дейді. Өйткені, соғыста от кешкен әкенің қалдырып кеткен өсиеті ғой бұл!
Абдолла Нұртауұлы.