Биыл – Ұлы Жеңіске -80 жыл! Еліміз бойынша 111 ардагері ғана қалыпты. Ал, біздің облыста соғысқа барып келгендердің бірде-бірі қалған жоқ. Бәрі де аспан әлеміне аттанып кетті.
Тоғай Дауылбаев ақсақалды әзілді – шынды «Сәтбаевтың соңғы солдаты» дейтін едік. Өйткені, Тоғай ақсақал Жеңістің жалауын желбіреткен жеңімпаз жауынгерлердің Қаныш қаласындағы қалған ең соңғы жалғыз тұяғы еді. Біз үшін осындай ақсақалымыздың алдымызда жүргені дәтке қуат еді, мақтанушы едік. “Көп қалған жоқ қой, бұ кісінің 100-ге жеткенін көрсек екен” деп жүретін едік. Бірақ… Фашизмнен елін қорғаған атамызды короновирус дертінен қорғай алмадық. Ол 98 жасында өмірден өтті.

1923 жылы 20 маусымда Ұлытау ауданында жұмысшы отбасында өмірге келген Тоғай Дауылбаев жылы 18 жасында әскерге шақырылды. 1-ші Украина майданы 29-шы полк құрамында жаумен шайқасты. 1943 жылы маусымда ауыр жарақат алып, майданнан 2-ші топтағы мүгедек болып елге оралды. Соғыстан кейінгі жылдарда колхозда, кейін 30 жылдан аса жыл мал дәрігері болып еңбек етті. Кеулдесінде бірнеше орден, медальдары жарқырап тұрушы еді.. Сәтбаев қаласының Құрметі азаматы атанған ардақты ақсақалымыз еді.
Ұлы Жеңістің айтулы мерекесі қарсаңында ардақты ақсақал, абзал ағаны еске алуды жөн санадық. Өйткені, бейбіт күн, ашық аспан – сол кісілердің алдында Мәңгі қарыздармыз! Мұны ұмытуға болмайды.
Абдолла Дастанов.