Роза Бағланованың майдан даласындағы ерлігін айғақтайды
Қазақтың маңдайына біткен санаулы әйгілілердің алдыңғы қатарында әнші Роза Бағланованың есімі жазулы тұрары хақ. Біз әдетте оның әншілігін айтамыз, әдемілігін айтамыз, сосын өле-өлгенше еліне еркелеп өткенін айтамыз. Ал, Роза Тәжібайқызының ер мінезді ғұмыр иесі болғаны көбіне айтыла қоймайды.
Елдің басына бұлт төнгенде талдырмаштай қазақ қызының майданның алдыңғы өтінде жүріп ән салғаны өз алдына, ал, жаймашуақ бейбіт өмірде де адами тағдыры күреске толы болған сияқты. Бұл оның көзі тірісінде түрлі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбаттарында шым-шымдап болса да айтылып қалады екен.
Сонау 70-жылдардың аяғында ел арасында «Роза Бағланованың көзі көрмей қалыпты» деген сөз кеңінен тараған болатын. Оның шет жағасын біздің де құлағымыз шалған еді. Сөйтсек, мұндай әңгіменің таралуы тектен-тек емес екен. Оның тамырын сонау соғыс жылдарынан іздеген абзал көрінеді.
Соғыстың кезі. Роза Тәжібайқызы ұрысқа аттанғалы тұрған танкистердің алдында ән салып тұрғанда жаудың шабуылы басталып, бұлар бораған оқтың астында қалады. Сол көзіне ыстық ине сұғып алғандай болған Роза алғашында оған мән бере қоймайды. Мина жарықшақтарының ұшқындарының бірі келіп көзіне тигенін кейін госпитальға барғанда бір-ақ біледі. Бірақ, қаптаған жаралы солдаттардың өмірі үшін арпалысып жатқан дәрігерлер Розаның көзіне операция жасай қоймайды, тек әлдебір дәрі-дәрмек жағып қоя салады. Дегенмен, осыдан біршама уақыт өткенде оның екі көзі бірдей көрмей қалады. Сөйтіп, оған алты мәрте операция жасатуға тура келеді, бірақ, сол жақ көзін қалпына келтіру бәрібір мүмкін болмайды. Тіпті, оң көзінің өзі де суыққа шыққанда сыр беріп қалатын болған екен.
Жалпы Роза Тәжібайқызы сол сұрапыл соғысқа бастан аяқ қатысқан санаулы қазақ қыздарының бірі болғандығын айрықша атап айтқан абзал. 1941 жылы соғыс басталғаннан кейін Өзбекстан Мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінің құрамында майданға аттанған ол 1945 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңіс құрметіне қойылған концертте Мәскеуде ән шырқау құрметіне бөленген.
Роза Тәжібайқызы алғашқы мемлекеттік марапаттамаларды да соғыс уақытысында иеленген. Айталық, «Ерлігі үшін» медалін 1943 жылы оған Киев қаласыда маршал Конев тапсырса, «1941-1945 жылдардағы фашистік Германияны жеңгені үшін» медалін ол маршал Рокоссовскийдің қолынан алады. Кешегі Кеңес Одағы әншілерінің арасында екі мәрте жауынгерлік марапаттамаға ие болған жалғыз Роза Бағланова ғана екен. Соғыс уақытысында ол тек жауынгерлер алдында ән салып қана қоймайды, сол сияқты, медбикелермен бірге жаралы жауынгерлерге көмектесуге де араласады.
«Соғыс кезінде не істемедік десеңізші. Медбикелер тапшы болған кезде жарақат алғандарды оқ жауып тұрған майданнан құтқардық. Арқамызда — автомат, қолымызда — күртеше-палатка. Менің аяғымның өлшемі 32, бірақ соғыс кезінде ондай аяқ киімқайдан болсын, 40-43 өлшемді етіктер киіп жүрдім. Аяғымды бәтеңкем түсіп қалмауы үшін бірнеше қайтара матамен орап алатынмын.
1941 жылы біздің ұжым Мәскеудің маңында өнер көрсетті. Панфиловшылар дивизиясына жеткеніміз қиын болды. Бірінші концертіміз сонда өтті. Одан кейін Солтүстік-Батыс майданында болдық. Кеше ғана сау болған ауылдың түгі қалмағанын көрдік. Өртенген жерге тұрып, зеңбіректердің даусының сүйемелдеуімен ән шырқадым.
Әніме тәнті болып, жарты сағаттан кейін оққа қарсы шығуға дайын болған сарбаздардың жымиғанын көргенде қорқынышты ұмытып кететінмін. Олардың көбі сол күйі қайтып оралмады. Біздің әндеріміз олар үшін керемет бір әсер сыйлай алғанына өте қуанамын. Екі сағат бұрын ғана менің «Тальяночка» әніме билеп, қуанып жүрген жауынгердің қолсыз не аяқсыз оралғанын көргенде жүрегім қанжылайтын.
Мен барлық майданда болдым, Берлинге небәрі 70 шақырым жетпей қалдым. Жеңісті Мәскеуде қарсы алдым. Қуанышты хабар келіп жеткенде не болғанын көрсеңіздер ғой! Мен тұрып алып 15 сағат ән шырқадым. Тамағымнан тамақ қалмады. Енді не істеймін? Мен ән шырқамасам 26 адамдық ансабльге жұмыссыз қалу қаупі төнген болатын.
Мыңдаған концерт өткізген шығармын, алайда олардың арасында ең есте қалатыны майданда шырқаған әндерім. Менің әндерім адамдарға өмір сыйлай алғанына қуаныштымын. Менің соғыстағы репертуарымда 500-ден астам ән болды-ау». Міне, Stan.kz редакциясына берген сұхбатында Роза Тәжібайқызы майдан дадасындағы басынан өткерген сәттерін осылайша еске алған екен.
Соғыстан кейін бірде гастрольдік сапармен Киев қаласына барғанда сахнаға бір аяғы жоқ әйел көтеріледі де залға қарап: «Сіздер Роза Тәжібайқызын әнші ретінде ғана білесіңдер, ал, мен оны құтқарушы деп танимын» дейді де, соғыс кезіндегі бір оқиғаны айтып береді. Сөйтсе, жараланғандарды кері тасумен айналысатын топтың бір мүшесі өлім аузында жатқан әлгі қызды «көп ұзамай бәрібір өледі» деп госпитальға апарғысы келмейді. Сонда кіп-кішкентай Роза оны иығына салып сүйрелеп, госпитальға жеткізген екен. «Егер сол жолы Роза болмағанда мен шынында да өлетін едім. Осындай қайсар қыз туған қазақ халқынан айналдым» деп әлгі әйел сахнада тұрып ағыл-тегіл жылап жібергенде, бүкіл зал тебіреніп, толқып кеткен көрінеді.
Роза Бағланованың қайсарлығы мен намысшылдығы 1986 жылғы Желтоқсанның тұсында да айқын байқалады. Сол күндері «Роза Бағланова Жазушылар одағына барып, сонда отырған ақын-жазушылардың бәріне «неғып отырсыңдар, ана жақта ұл-қыздарымыз қырылып жатқанда? Бармайсыңдар ма, араша түспейсіңдер ме?» деп айқай салыпты» деген әңгімені естігенбіз кезінде. Қайсыбір жылы Роза апамыз гастрольдік сапармен Сәтбаев қаласына келді. Концерттен соң ол кісімен аз-маз сұхбаттасудың сәті түсті. Сонда біз Роза Тәжібайқызынан «Желтоқсан кезінде Сіз де алаңға барыпсыз ғой?» деп жұқалатып сыр тартып көрген едік. Сонда апамыз «Бардым, әрине. Соғыста фашистердің оғынан қаймықпағанда, неден қорқушы едім? Көптеген ұл-қыздарымызды солдаттардың, милиционерлердің қолдарынан суырып алдым, жастарға ақылымды айттым. «Бекерге күйіп кетесіңдер» деп сабырға шақырдым. Мені жастар тыңдады. Жазушылар одағына да бардым, айқайға бастым. Өйтпегенде ше? Мұрттары едірейіп-едірейіп кабинеттерінде отыр көбі. «Неғып отырсыңдар, кабинет күзетіп, бармайсыңдар ма алаңға. Онда біздің ұл-қыздарымызды ұрып-соғып, білгендерін жасап жатыр. Ал, сендер мұнда жайбарақат отырсыңдар. Әрқайсың он бес-жиырма балаға араша түссеңдер ғой, қаншама жастарды құтқарасыңдар» дедім. Кейбіреулері содан кейін алаңға беттеді, дегенмен, көпшілігі кабинеттерінде бұғып қалды ғой бәрібір. Маған Нұрекем «Халық қаһарманы» деген атақты бекер берді деймісің, ақпатшам (Роза апамыз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «ақпатшам» деп ардақтаумен өткені белгілі – авт) бәрін ескерген ғой. Ол маған жұлдызды тапсырып тұрып «Роза Тәжібайқызы, біз Сізді соғыстың да, бейбіт өмірдің де нағыз қаһарманы ретінде бағалаймыз» деген болатын. Ол кісі бұл сөзді жайдан жай айта салған жоқ» деп шешіле әңгіме қозғағаны бар-ды.
Соғысқа қолына қару алып қатыспаса да, ән сала барып, жан алысқан от пен оқтың ортасына түскен әнші Роза Бағланованы да Ұлы Жеңіс қаһармандарының біріне баласақ , еш артығы болмайды.
Абдолла Дастанов.