Қанатына көктемді ілестіріп жеткен Абзал Аналар, Ардақты Арулар мерекесі биыл Қаныш қаласында «Әлемнің сыйы –әлемге!» деген тақырып аясында өтті. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер Сарайында өткен салтанатты жиын әртүрлі мамандық иелерін бейнелеген хореографиялық композицияның сүйемелдеуіндегі квартеттің нәзік жандыларға арналған әнімен басталды.
Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы. Ел тарихының қай кезеңінде болсын, батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білді. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да Әйел-аналар қауымы! Бұл туралы Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Ерболатұлы Бөрібаевтың құттықтау сөзінде жақсы айтылды. Кеншілер қаласында да әйелдердің, қыз –келіншектердің үлес салмағы басым. Олар қай салада болса да еңбек етіп, жетістікке жетіп, табысты тасқындатып келеді.


Қаладағы 13 мектеп пен 15 балабақшада 1000-нан астам ұстаз болып еңбек ететін қыз –келіншектер елдің келешегіне терең білім, тәлімді тәрбие беруде. Медицина саласындағы 700-ден астам дәрігер мен медбике халықтың денсаулығын қамтамасыз етуде. Шағын және орта бизнестің 62%-ін нәзік жандылар қауымы басқарады. Ал, қаладағы әлеуметтік қызметкерлердің барлығы да – әйелдер. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы 64 пайызды құрайды. Мұның барлығы әйел қауымының әр істі дөңгелетіп әкететінін, қай салада да көшбасшы бола алатындығының айқын дәлелі.

Салтанатты жиын барысында бір топ көпбалалы анаға «Алтын алқа» , «Күміс алқа» тапсырылды. Сәтбаев қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Жаңабаева Назгүл , «Нұрбөбек» бөбекжай- балабақшасының тәрбиешісі Ибраева Мақпал , «Сәт Тазалық» мекемесі тұрмыстық қалдықтарды шығару учаскесінің қызметкері Мұқанова Мейрамкүл Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен , ал, Сәтбаев қаласы емханасының медбикесі Қаратауова Сәния Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай –ақ, қаланың қоғамдық саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбектері үшін бір топ еңбек үздіктеріне Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасы табыс етілді. Олардың басым көпшілігі қарапайым еңбек адамдары, жұмысшы мамандықтарының өкілдері болды.
«Казахмыс Дистрибюшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №1 жылу станциясының суды химиялық тазарту қызметкері Гуль-Прямкова Еленаға , Шығыс Жезқазған кенішінің №55 шахтасының аймақтық бірыңғай қойма шаруашылығы БМ шахта қоймасы телімінің жарылғыш зат таратушысы Жаманбаева Гүлжазираға , Оңтүстік Жезқазған кеніші №65 шахтасы №20 учаскесінің көтеру машинасының машинисі Прохасько Викторияға «Лайықты еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды.
Мереке марапатымен де мәнді, мазмұнды. Бұл – еңбектің бағалануы, адамның құрметтелуі. Ал, әйел қауымына әлемнің барша сыйлығының өзі де ешқашан көптік етпейді.
Абдолла Дастанов.