БІЛІКТІ ЖҰМЫСКЕРЛЕР КЕРЕК

Жаңалықты бөлісіңіз:

«Екі қолға бір күрек табылады» дейтін түсінік бар көптің арасында. Меніңше, мұндай түсінік бүгінде ескірген. Өйткені, қазіргі заман – білікті жұмыскерлердің заманы.

Ел Президенті Қасым –Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу, оларға жан –жaқты қамқорлық жасау туралы жиі айтып келеді. Бірақ, сонымен бірге ол кісі жұмыскерлердің заманға сай болуын, қазіргі озық технологияның тілін білуі керектігін де орынды түрде ескертіп отырады. Сондықтан, жұмысшы мамандықтарын даярлауға аса қатты мән беру керек. Президент өткен жолғы кәсіптік білім беру саласына реформа жасау туралы да бекер айтқан жоқ. Өйткені, кәсіпорындарға қажетті мамандар даярлайтын білім орындары мен еңбек ұжымы арасында кейде ешқандай байланыс болмайтыны да байқалып қалады.

Жезқазған жері кен өндірісімен тығыз байланысты. Сондықтан, кенші мамандығына деген құштарлық бізге қанмен сіңіп кеткен десе де артығы жоқ. Мен де кеншілік жолды қаладым. Қазір Аннеск шахтасында бастықтың орынбасарымын. 2019 жылы «Өндіріс сұлтаны» байқауына қатысып, бас жүлдегер атандым. 2020 жылы республикалық байқауға қатыстым. Мұны айтып отырғаным, өндірістегі біліктілікті жетілдіруге де, өзіңнің азаматтық тұлғаңды танытуға да мол мүмкіндік бар екендігін көрсету. Демек, еңбек етсең елдің көз алдында жүресің.

«Нағыз еңбек адамы – өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман» деген Президент сөзі өте орынды айтылған. Сондықтан, бізге өз ісін жетік білетін білікті жұмыскерлер керек. Сонда еңбек өнімді, табысты болады. Ел экономикасын дамыту –әрбір еңбек адамының білікті жұмысына байланысты. Сондықтан, қолға ұстаған күректі қалай ұстау керегін білу де өте маңызды.

Асылхан Талыпов,

Анненск шахтасы бастығының орынбасары

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *