Жезқазған қаласында осындай тақырыппен қазақтың тұңғыш академигі, ұлт мақтанышы Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл және Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай республикалық дөңгелек үстел болып өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ұйымдастыруымен өткен Қ.Сәтбаев пен Ә.Марғұланның құнды мұраларына, олардың Ұлытау өңірінде жасаған ерен еңбектеріне, кәсіби қызметіне баға беру, сондай-ақ, қос ғалым туралы сирек кездесетін деректермен бөлісуді мұрат тұтқан, мақсат еткен шараға Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды және т.б. қалаларында тұратын тарихшылар, өлкетанушылар және музей қызметкерлері қатысып (оффлайн, онлайн), бірнеше баяндама жасады. Олардың арасында тарих ғылымының кандидаты,Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылми қызметкрі Ж.Құрманқұлов, Ә.Марғұлан атындағы мектеп –лицейдегі мемориалдық музейдің жетекшісі С.Байдырахманова, Баянауылдағы Қ. Сәтбаев музейінің директоры Қ.Абылғазин және т.б. болды. Дөңгелек үстелге Дәнел Әлкейқызы онлайн қатысып, өз ойларын ортаға алды.

Суретте: Астана қаласындағы Ә.Марғұлан мектеп –лицейіндегі мемориалдық музейдің жетекшісі Сәуле Байдырахманова мен «Ұлытау» ұлттық тарихи –мәдени және табиғи музей –қорығының директоры Әлібек Күзербаев ғалыцм, археолог Әлкей Марғұланның көрмеге қойылған заттарын қызықтап тұр.
Шараға қатысушылар тарапынан аталған тұлғалардың мемориалдық музейлері елімізде онша көп емес екендігіне назар аударылды.Айталық, Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейлері Алматы қаласында, Павлодар және Ұлытау облыстарында ғана жұмыс істейтін болса, Әлкей Хақанұлы Марғұланның мемориалдық музейі тек Астана қаласындағы № 40 мектеп-лицейінде ғана бар екен. Бұл әрине, ойландыратын жағдай. Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі мұражайының меңгерушісі З. Қазанбаева ғалымдардың зерттеген салалары бойынша музей ұйымдастыру ісінің мүлдем жолға қойылмағанына қынжылыс білдірді. «Мысалы, неге біздің елімізде киіз үй музейін ұйымдастырмасқа? Бір ғана киіз үй арқылы этнографияны да, тарихты да, эстетика, т. б.құндылықтарды да таныстыруға болар еді» –деді ол.
ҚР еңбек сіңірген әншісі Ғ.Мұхамедин Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың А.Затаевичке жаздырған 23 әнінің төңірегінде де бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсынды.
Дөңгелек үстел соңы Ә.Марғұланның тұтынған, пайдалаған заттарынан ұйымдастырылған көрмеге ұласты.
Жезқазған.