Салмақты саясат қағидаттары
Мемлекет басшысы 5 қараша күні «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – тарихи маңызы бар құжат. Себебі бұрын-соңды елімізде ішкі саясаттың идеологиялық бағыты мен ұйымдастырушылық аясын анықтайтын жүйелі, біртұтас акт болған емес.
Тарихи тұжырымдама
Тұжырымдамалық құжаттың қажет екені біраз уақыттан бері айтылып келді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында да сарапшылар мен қатысушылар осы мәселеге айрықша назар аударды. Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов және басқалар құжатты әзірлеу уақыт талабы екенін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы бастаманы қолдап, Президент Әкімшілігіне аталған мәселені жан-жақты зерттеп-зерделеуді тапсырды.
Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Тәуелсіздік алғалы елімізде әр кезеңде ішкі саясаттың басымдықтарына орай түрлі құжаттар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ бұл құжаттарда саланың қағидаттары мен құндылықтары, мақсаттары мен бағыттары біртұтас жүйе ретінде көрсетілмеген еді. Керісінше кейде бір-біріне қайшы келетін нормалар кездесетін. Енді, міне, мемлекеттік деңгейде алғаш рет ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, бағыттары жүйелі түрде нақты айқындалып, бекітіліп отыр.
Белгілі сарапшылар мен Ұлттық құрылтай мүшелері, ғылыми қауымдастық өкілдері тұжырымдамалық құжатты жарты жылдан аса уақыт әзірледі. Әсіресе Еркін Әбіл, Ерлан Саиров, Айгүл Сәдуақасова, Берік Әбдіғалиұлы, Талғат Қалиев, Қарлығаш Жаманқұлова, Рауан Кенжеханұлы, Нұрбек Матжани, Александр Данилов, Ғазиза Әбішева бастаған азаматтар үлкен еңбек сіңірді.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттардың, жалпыұлттық құндылықтардың, ішкі саясаттың басты бағыттары жүйеленді. Тұжырымдама жүргізіліп отырған қазіргі саясатты біртұтас дүниеге айналдырды. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар оның қоғамда оң қабылданғанын көрсетіп отыр.
Кейінгі жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппаратқа жаңа адамдар келе бастады. Мәселен, ауылдық округтердің әкімдері сайлануда. «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске қосылды. Жүйеде буын алмасу үдерісі үздіксіз жүріп жатыр. Сондықтан ішкі саясат тұжырымдамасы мемлекеттік қызмет жүйесіне өзге салалардан келген басшылардың жаңа буынына көмекші құрал ретінде пайдалы болмақ.
Айрықша атап өтерлігі, құжатта еліміздің жалпыұлттық нышандары бекітілген. Мәселен, шаңырақ – ұлттық бірліктің, домбыра – ұлттық музыкалық аспаптың, Абайдың «Қара сөздері» ұлттық кітаптың нышаны болып айқындалды. Бұл нышандар елімізге тән ерекшеліктерді тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.
Сыншылардың кейбірі «бұл құжатта жаңа идеология неге жоқ?» деген сыңайда пікір айтып жатты. Алайда тұжырымдама әу бастан мұндай мақсатты көздеген жоқ. Оның үстіне біздегі саяси плюрализм, пікір алуандығы жағдайында бұл мүмкін емес. Құжаттың мәні – азаматтарымыз ұстанатын жалпыға ортақ қарапайым нормалар мен құндылықтарды бекіту. Яғни қоғамдық құрылым күрделенген сайын әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі ұстанымдағы адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындау.
Әдетте мұндай құжаттар қабылданғанда ауқымды іс-шаралар жоспары мен бюджеті қомақты арнайы жобалар бірге бекітілетін. Бірақ қазіргі ұстаным – басқа. Тұжырымдаманы дайындауда және бағдарламаны жүзеге асыруда қаржы талап ететін жобалар мен пиар-кампаниялар ұйымдастыру мақсаты белгіленген жоқ. Құжат ең алдымен, тұжырымдамалық негіз қызметін атқарады. Ішкі саясатты жүйелі басқаруда анық бағдар, айқын жол сілтеуге бағытталған. Тағы да қайталап айтсақ, мақсат – саладағы жұмысты ортақ негізге жүйелеу. Сондықтан қазір қоғамдық наградалар, мектептегі тәрбие, еңбекқорлық, білім және жасампаздық құндылықтарын біріздендіру басталып кетті. Бұл жұмыстың барлығы артық шығынсыз әрі формализмсіз атқарылып келеді. Ең алдымен, оның институционалдық негізіне басымдық берілді.
Жүйелі қадам, тың тәсіл
Кейінгі жылдары елімізде орын алған саяси өзгерістер бір нәрсені анық байқатты: реформалар жоғары жақтың пәрменімен емес, керісінше кең ауқымды қоғамдық диалог арқылы қалыптасады. Соның нәтижесінде ел тұрғындарының, азаматтық қоғам институттарының, сарапшылардың бірлескен бастамалары мемлекеттік жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналды. Түптеп келгенде, бұл да қоғамдағы жаңа мәдениеттің, жаңа құндылықтың қалыптасып жатқанын аңғартады.
Бүгінгі саясаттың басты ерекшелігі – өткен жылдардың тиімсіз тәжірибесінен алыстау. Бұған дейін мемлекеттік органдар жылдам нәтиже беретін PR-тәсілдерге ұмтылды. Көрер көзге әсерлі, бірақ тиімсіз шешімдерге басымдық берілді. Бір кездері билік те, қоғам да жылдам нәтиже беретін жұмыстармен әуестенді. Жұрт алдында жарқыратып көрсетіп, тез есеп беру әдеті қалыптасты. Сол тәсіл мемлекеттік басқару жүйесіне де, қоғамдық психологияға да дендеп енді. Есесіне көзге көрінбейтін, ұзақ мерзімге арналған шаруалар тасада қалып қойды.
Қазір жүйелілікке, практикалық тиімділік пен тұрақты нәтижеге басымдық берілген. Бүгінде мемлекет инфрақұрылым салу, әлеуметтік саланы жаңғырту, азаматтарға жайлы өмір сыйлау секілді нақты әрі жүйелі міндеттерді орындап отыр. Нәтижесі де көңілге қонымды. Кейінгі бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі екі есе өсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 14 мың доллардан асты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе ұлғайды.
Кейінгі бес жылда 1 200 мектеп пайдалануға берілді. Кейінгі үш жылда денсаулық сақтау саласында 900 нысан ел игілігіне қызмет ете бастады. Азаматтардың орташа өмір сүруі 75 жасқа дейін ұзарды.
Тұрғын үй құрылысының көлемі 19 млн шаршы метрге жетті. 2,4 мың шақырым автомобиль жолы, 880 шақырым теміржол салынды. 1 980 өндіріс нысаны іске қосылды.
Жарқын да жылдам «жетістіктерге» бойы үйренгендер мұндай нәтижелерді көзге ілмейді, әрине. Шын мәнінде, бұлардың бәрі – жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар. Тек, біз бұрынғыдай жарқырата көрсетіп, жаппай жарнамалаудан тыйылдық. Жарнамасыз, ұрансыз, керісінше жүйелі қадамдар мен нақты тәсілдер арқылы жүзеге асырылып жатқан күнделікті жұмыстар дамуға бастайды, халықтың әл-ауқатын арттырады.
Дәл осындай тәсілдер идеология саласында да қолданылып келеді. Ішкі саясат әсірелеусіз, көзбояушылықсыз реттеліп отыр. Жасампаздық құндылықтары орнығуда. Заңға бағыну және қоғамдық ынтымақтастық мәдениеті нығая түсті. Азаматтық қоғам, балалар құқығын қорғау, ескерткіш тақталар мен рәміздік кеңістік мәселелеріне ерекше көңіл бөлеміз.
Мемлекетіміз жүйелі әрі тиімді әрекет бағытын ұстанып отыр. Түрлі салада қордаланып қалған мәселелерді жедел реттеп, тұрақты құндылықтар мен институционалдық негіздерді қалыптастыру көзделген. Қабылданып жатқан шешімдер де уақытша әсерге емес, азаматтардың мүддесі мен ұлттық стратегиялық басымдықтарға негізделген.Бұл – салмақты саясаттың қағидаттары.
https://egemen.kz/article/400153-salmaqty-sayasat-qaghidattary
