Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаңда сөз сөйлеп, алдағы референдум аясында елдің жаңа Конституциясының маңызын жан-жақты талдады. Іс-шара Қазақстанның жаңа Ата Заңын қабылдау мәселесіне арналды.
Өз сөзінде Мемлекеттік кеңесші Конституция тек ең жоғары заң ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы келісім мен ортақ құндылықтарды айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция біздің болмысымызды әлдеқайда айқын білдіреді және қоғамда табиғи түрде қалыптасқан бірқатар негізгі мәселелер бойынша келісімді нақтырақ айқындайды», – деді ол.
Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияның 1995 жылы, ел жаңа тарихи кезеңге қадам басқан тұста қабылданғанын еске салды. Ал бүгінгі қоғамның сұранысы мен қоғамдық пікір әлдеқайда өзгерген. Осыған байланысты жаңа Конституцияда заманауи талаптар мен өзекті мәселелер кеңінен қамтылған.
Жаңа Конституция жобасында алғаш рет табиғатқа және экологияға ұқыпты қарау туралы ережелер енгізілген. 1990-жылдары бұл мәселелер қоғамның күн тәртібінде болмағанымен, бүгінде экология – ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды тақырыптардың бірі.
Сонымен қатар, құжатта дәстүрлі құндылықтарды қорғауды күшейтуге бағытталған нормалар қарастырылған. Әйелдердің құқықтарын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жаңа редакцияда некедегі тең құқықтылық және өзге де құқықтық кепілдіктер арқылы әйел құқығы нақты әрі жүйелі түрде бекітілген.
Мемлекеттік кеңесші соңғы жылдары қоғам тарапынан мемлекеттің зайырлы сипатын нақты бекітуге деген сұраныс артқанын айтты. Жаңа Конституцияда зайырлы мемлекет қағидаты айқын әрі нақты түрде көрсетілген. Сонымен қатар, ар-ождан және діни сенім бостандығына қатысты нормалар сақталып, кей тұстарда күшейтілген.
Оның айтуынша, бұл – түрлі мүдделер арасындағы түсінікті әрі әділ теңгерімді бекітуге бағытталған қадам.
Ерлан Қарин жаңа Конституцияда тек белгілі бір идеология емес, «мета-идеология» бекітілетінін атап өтті. Яғни, қоғамдағы пікір алуандығы сақталады, әр азамат әртүрлі көзқарасты ұстана алады, бірақ барлығы біртұтас қоғамдық кеңістікте өмір сүреді.
Бұл – парасатты тепе-теңдікті сақтай отырып, қоғамдағы жаңа сұраныс пен үмітті нақты көрсетуге мүмкіндік беретін ұстаным.
Жаңа Конституция жобасында ғылым, білім және инновациялар мемлекеттің дамуының стратегиялық негізі ретінде алғаш рет жеке бапта бекітілген. Бұл Қазақстанның адами капиталды дамытуға және технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге басымдық беретінін көрсетеді.
Сөз соңында Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция белгілі бір тарихи кезеңді қорытындылап қана қоймай, ел дамуының жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті. Оның пікірінше, құжат қоғамда қалыптасқан тепе-теңдік пен келісімді бекітіп қана қоймай, Қазақстанның болашақта қандай мемлекет болатынын айқындайтын стратегиялық бағыт-бағдарды көрсетеді.




