Қаладағы жеке сектор тұрғындарынан қыс мезгіліндегі жылу сапасына қатысты бірқатар өтініштер түсті. Соның бірі – Бұлқышев көшесі, 33-үй тұрғындарының шағымы. Тұрғындардың айтуынша, биылғы қыста жылу беру деңгейі төмендеп, үй ішіндегі температура қолайсыздық тудырған.
Аталған мәселе бойынша СЖСЖК мекемесі тарапынан тиісті тексеріс жүргізілді. Мамандар қорытындысы бойынша үйдің ішкі жылу жүйесін толықтай ауыстыру қажеттігі анықталды. Сонымен қатар, бұл тұрғын үй қаланың шеткі бөлігінде орналасқандықтан, жылу желісіндегі соңғы нүктелердің бірі болып табылады. Бұл өз кезегінде жылу қысымының төмендеуіне және сапасына әсер етуі мүмкін.
Мамандардың мәліметінше, алдағы уақытта жеке секторды кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланған. Осыған байланысты аталған аумақтарда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылып отыр. Қазіргі таңда тек ағымдағы жөндеу және техникалық қызмет көрсету шаралары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, Жеңіс көшесінде жылу құбырының жарылуы салдарынан 8 тұрғын үй уақытша жылусыз қалған болатын. СЖСЖК мекемесі жедел әрекет етіп, ұзындығы 5 метр болатын құбырды ауыстырды. Қалпына келтіру жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, қазіргі уақытта жылу беру жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Жауапты мекемелер тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын әрдайым назарда ұстап отыр. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.




