Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында сауда және ШОБ дамуы мәселелері бойынша салалық кеңес отырысы өтті. Кездесу бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы сауда саласын реттеу мәселелерін ашық талқылау алаңына айналды.
Отырысқа Палата директоры Гүлмира Қаженова, сауда желілерінің өкілдері және Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – жергілікті сауда нүктелерінің сөрелерінде «Made in KZ» белгіленген отандық өнімнің 30 пайыздық үлесін қамтамасыз ету. Қатысушылар қазақстандық өндірушілерді қолдау механизмдерін және олардың өңірлік сауда желілеріндегі қатысуын кеңейту жолдарын талқылады.
Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің директоры Жасұлан Дәулетбаев кәсіпкерлік субъектілеріне сауда саласындағы заң талаптарын түсіндіріп, отандық өнімдердің сауда сөрелеріне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берді. Ол белгіленген нормаларды сақтау және бизнес пен бақылаушы органдар арасындағы өзара әрекеттестіктің маңыздылығын атап өтті.
Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Диана Есенова авторлық құқықтарды бірлесіп басқару саласындағы біртұтас цифрлық платформаның жұмыс істеу тәртібі туралы ақпарат берді. Қатысушыларға платформаның артықшылықтары мен жұмыс қағидалары таныстырылды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге «Таза парақтан» бағдарламасы түсіндірілді. Бағдарламаға сәйкес:
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жиналған айыппұлдар мен өсімпұлдардан босату қарастырылған, егер негізгі қарыз 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық өтелсе;
Қосылған құн салығы бойынша тіркеуге уақытында тұрмағаны үшін салынған айыппұлдар аннулирленеді.
Бағдарлама кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа салық реформаларына бейімделуге бағытталған.
Отырыстың соңында Палата, Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті және кейбір кәсіпкерлер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың сауда саласындағы серіктестікті дамыту, іс-қимылдарды үйлестіру, кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау және отандық өндірушілерді қолдау бойынша ниеттерін бекітті.




