Елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамыту, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. МӘМС – отандық медицинаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды реформа.
Осы ретте жүйедегі жаңашылдықтар мен соңғы өзгерістер, соның ішінде халыққа берер мүмкіндіктері мен өзекті тұстары туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Диас Маратбекұлы НҰРМАНМЕН сұхбаттасқан едік.
– Медициналық қызметтердің ТМККК және МӘМС пакеттеріне бөліну ерекшелігі неде және МӘМС жүйесі қандай артықшылықтар ұсынады?
– Қазіргі таңда елімізде медициналық көмек екі деңгейлі модель бойынша ұйымдастырылған: Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС). Бұл тәсіл денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды нақтылап, жауапкершілікті мемлекет пен азаматтар арасында бөлісуге негізделген.
2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң осы жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталды. Соның нәтижесінде қаржыландыру тетіктері нақтыланып, медициналық көмектің қандай бөлігі мемлекет есебінен, ал қайсысы сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілетіні айқындалды.
2026 жылдан бастап ТМККК пакеті әлеуметтік маңызы жоғары ауруларға шоғырландырылды. Бұл – ресурстарды ең қажетті бағыттарға тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, туберкулез, АИТВ инфекциясы, қатерлі ісік, созылмалы гепатиттер, психикалық аурулар, инсульт пен инфаркт сияқты дерттер толықтай мемлекет бақылауында қалады. Сонымен қатар, скринингтік тексерулердің сақтандыру мәртебесіне тәуелсіз жүргізілуі – алдын алу медицинасының күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Ал МӘМС жүйесі денсаулық сақтау қызметтерінің аясын кеңейтіп, олардың сапасын арттыруға бағытталған. Бұл пакет арқылы азаматтар қымбат тұратын диагностикалық қызметтерге (МРТ, КТ, ПЭТ КТ), жоспарлы стационарлық емге, оңалтуға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қол жеткізе алады. Яғни, МӘМС – тек қосымша пакет емес, толыққанды медициналық көмекті қамтитын негізгі құралға айналып отыр.
Маңызды өзгерістердің бірі – 2026 жылдан бастап созылмалы ауруларды басқару жүйесінің МӘМС аясында толық енгізілуі. Бұл қант диабеті, артериялық гипертония, жүрек-қан тамырлары және басқа да кең таралған ауруларды үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде асқынулардың алдын алып, стационарлық емге түсетін жүктемені азайту көзделіп отыр.
Жалпы алғанда, екі пакетке негізделген бұл модель денсаулық сақтау жүйесін профилактикаға бағыттап, шығындарды оңтайландыруға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда оның тиімділігі көбіне азаматтардың сақтандыру жүйесіне қатысу белсенділігіне және медициналық ұйымдардың қызмет сапасына тікелей байланысты.
– Медициналық қызмет сапасын бақылау қалай жүзеге асырылады?
– Қор тарапынан медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмыс арнайы бөлімдер арқылы жүзеге асырылады және оған тәжірибелі дәрігерлер тартылған.
Тексеру барысында көрсетілген қызметтердің клиникалық хаттамаларға сәйкестігі, құжаттардың дұрыс рәсімделуі және емдеу сапасы сараланады. Мониторинг автоматтандырылған жүйелер арқылы да, тікелей медициналық ұйымдарға бару арқылы да жүргізіледі.
Өткен жылы Ұлытау облысында 80 мыңнан астам түрлі ақау анықталды. Оның ішінде негізсіз қызмет көрсету, стандарттан ауытқу және құжаттарды дұрыс толтырмау жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай кемшіліктер үшін медициналық ұйымдарға айыппұл санкциялары қолданылады.
–2026 жылға Сәтбаев қаласының медициналық мекемелеріне бөлінген қаржы көлемі қандай? Қандай бағыттарға жұмсау көзделіп отыр?
–Биыл Сәтбаев қаласы бойынша медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 3 млрд 490 млн теңгені құрап отыр. Бұл қаражаттың 1 млрд 969 млн теңгесі ТМККК, ал 1 млрд 521 млн теңгесі МӘМС пакеті аясындағы қызметтерге бағытталған.
Бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау саласында мемлекеттік кепілдіктер сақтала отырып, сақтандыру жүйесінің рөлі біртіндеп күшейіп келе жатқанын аңғартады. Яғни, базалық әрі әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметтер мемлекет есебінен қаржыландырылса, кеңейтілген және жоспарлы көмектің басым бөлігі МӘМС жүйесі арқылы қамтылуда.
Қаржыландыру құрылымына назар аударсақ, қаражаттың едәуір бөлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмекке бағытталған – 1 млрд 493 млн теңге. Бұл – профилактика мен ерте диагностиканың басымдыққа ие екенін көрсетеді. Себебі аурудың алдын алу мен бастапқы кезеңде анықтау шығынды азайтып қана қоймай, халық денсаулығын жақсартудың тиімді жолы болып табылады.
Сонымен қатар, консультациялық-диагностикалық қызметтерге 352,2 млн теңге, зертханалық зерттеулерге 98,1 млн теңге бөлінуі диагностикалық мүмкіндіктердің кеңейіп жатқанын білдіреді. Ал стационарлық көмек пен жұқпалы ауруларды емдеуге қарастырылған қаржы көлемі денсаулық сақтау жүйесінің жедел әрі мамандандырылған көмек көрсету қабілетін сақтауға бағытталған.
Тағы бір маңызды үрдіс – жекеменшік медициналық ұйымдардың жүйеге белсенді түрде тартылуы. Қаржыландыру тек мемлекеттік мекемелермен шектелмей, «Ахметова», «Лекерова» сияқты жеке клиникалар мен стоматологиялық ұйымдарға да бөлініп отыр. Бұл бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Өздеріңізге мәлім МӘМС аясында бүгінде жекелеген санаттағы азаматтарға стоматологиялық көмек қолжетімді. Оған 164,9 млн теңге бөлінуі халықтың нақты сұранысына жауап беретін әлеуметтік бағытталған шешімдердің қабылданып жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Сәтбаев қаласы бойынша қаржыландыру құрылымы денсаулық сақтау жүйесінің профилактикаға, қолжетімділікке және қызмет сапасын арттыруға бағытталғанын байқатады. Бұл өз кезегінде МӘМС жүйесінің тек қаржыландыру құралы ғана емес, медициналық көмекті ұйымдастырудың жаңа моделіне айналып келе жатқанын дәлелдейді.
– Диас Маратбекұлы, кейбір азаматтар МӘМС жүйесіне қатысуға асықпай жатады. Оның себебі неде?
– Рас, сақтандырылмаған азаматтардың қатары әлі де азаймай отыр. Бұл мәселе тек жеке жауапкершілікпен ғана емес, еңбек қатынастары мен жарналардың уақытылы аударылуына тікелей байланысты.
Қазіргі таңда облыс бойынша 18 804 тұрғынның медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ. Олардың ішінде 1541-і – жеке кәсіпкерлер, 7156-сы – жалдамалы жұмыскерлер, 1284-і – азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде табыс табатын азаматтар. Ал Сәтбаев қаласы бойынша 4251 тұрғын сақтандырылмағандар қатарында.
Нәтижесінде азаматтар медициналық қызметтерді алу кезінде бірқатар қиындықтарға тап болады, себебі МӘМС жүйесінің негізгі қағидаты – жарна төлеу арқылы ортақ жауапкершілік қалыптастыру.
Сондықтан бұл мәселенің түпкі себебі тек халықтың белсенділігіне ғана емес, жұмыс берушілердің міндеттемелерді уақытылы орындауына және азаматтардың жүйе туралы ақпараттандырылуына да байланысты.
Дегенмен, мемлекет тарапынан бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдануда. 2026 жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы азаматтар жергілікті бюджет есебінен сақтандырылатын болады. Бұл қадам олардың медициналық көмекке қолжетімділігін айтарлықтай арттырып, жүйеден тыс қалу қаупін азайтады.
Сонымен қатар, сақтандырылмаған азаматтардың санын қысқарту мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Халыққа МӘМС жүйесінің тиімділігі, оның ішінде тегін медициналық қызметтердің кеңейтілген пакеті мен жоғары технологиялық ем түрлеріне қолжетімділік мүмкіндігі туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бұған қоса, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және жарналардың уақытылы аударылуын бақылау тетіктері де күшейтілуде. Бұл өз кезегінде жалдамалы қызметкерлердің сақтандыру жүйесінен тыс қалмауына ықпал етеді.
– Азаматтар тегін медициналық көмек алу үшін не істеуі керек?
– Ең алдымен, әр азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі қажет. Себебі барлық медициналық қызмет сол арқылы көрсетіледі. Жалпы тәжірибелік дәрігер науқасты тексеріп, қажет болған жағдайда қосымша зерттеулер мен бейінді мамандарға жолдама береді.
Маңыздысы – жолдамалар тек медициналық көрсетілім болған жағдайда ғана беріледі. Сондықтан емханаға тіркелу – сапалы медициналық көмек алудың алғашқы қадамы.
– Халыққа айтар қандай тілегіңіз бар?
– Денсаулық – адам өміріндегі ең үлкен құндылық. Сондықтан әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, МӘМС жүйесіне қатысуы қажет. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Ендігі кезекте сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – әрқайсымыздың міндетіміз.
Диана ОРАЗАЛИНА




