2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл шешім елдегі кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастарды еңбекке баулу мақсатында қабылданған. Қазіргі таңда еліміздің экономикасы білікті жұмысшы кадрларға зәру. Өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және басқа да салаларда кәсіби мамандардың жетіспеушілігі байқалады.
Жұмысшы мамандықтары – кез келген елдің даму негізі. Электрик, дәнекерлеуші, механик, сантехник, аспаз, жүргізуші, тігінші сынды мамандықтар күнделікті өмірде аса қажет. Бұл маман иелері нақты еңбекпен айналысып, қоғамға зор пайда әкеледі. Осыны ескере отырып, мемлекет тарапынан дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, кәсіптік колледждердің материалдық базасы жаңартылып жатыр.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында түрлі форумдар, жарыстар, кәсіби шеберлік байқаулары, көрмелер және кәсіптік бағыт-бағдар беру іс-шаралары өткізілді. Бұл жастарға өз болашағын нақты кәсіппен байланыстыруға жол ашты.
Жұмысшы мамандықтарын дамыту – бұл тек кадр даярлау емес, сонымен қатар ұлттық экономиканы күшейтудің маңызды тетігі. Жастарды еңбекке баулу, кәсіпке үйрету – жарқын болашақтың кепілі.
