Сәтбаев қаласында қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қаланың балалар ойын және спорт алаңдарын, сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларын тазалау жұмыстарымен «Экологиялық туризм «Нұрмейірім» қоғамдық ұйымы» тұрақты түрде айналысуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың демалыс және бос уақыт өткізетін орындарында тазалық пен тәртіп қамтамасыз етіліп келеді. Бұл бастамалар қаланың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде.
Осыған байланысты барлық қала тұрғындарына тазалықты сақтауға, балалар және спорт алаңдарына тұрмыстық әрі ірі көлемді қоқыстарды тастамауға шақыру жасалады. Қаланы таза, қауіпсіз және жайлы ету – баршаға ортақ міндет.
Сонымен қатар, Сәтбаев қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қоқыс жина — ақша ал!» атты акция ұйымдастырылды. Аталған шара Сәтбаев қаласының әкімдігі, Жастар ресурстық орталығы, “TazaSatbaev” волонтерлік ұйымы және Aport сауда үйінің қолдауымен жоғары деңгейде өтті.
Экологиялық акцияға қала тұрғындары белсенді қатысып, белгіленген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Қатысушылардың әрбір жиналған қоқыс қаптары үшін 500 теңге көлемінде сыйақы берілді. Бұл тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырудың тиімді тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетті.
Аталған шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және адал еңбекті дәріптеу. Нәтижесінде қала аумағы тазарып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі арта түсті.
Сәтбаев қаласының тазалығы – баршамызға ортақ міндет.




