Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына қатысты маңызды ұстанымын білдірді. Президент болашаққа жоспар құрғанда нақты жағдайды ескеріп, өмірге шынайы көзқараспен қараудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, кез келген мемлекеттің басты күші – оның халқы. Азаматтардың жасампаздық әлеуеті мен бірлігі елдің кез келген сын-қатерге төтеп беруіне және үлкен жетістіктерге жетуіне негіз болады. Президент Қазақстан халқының осы қуатына сенетінін жеткізді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орындалуы күмәнді, тек қағаз жүзінде қалатын жоспарлар мен негізсіз уәделерге қарсы екенін айтты. Оның пікірінше, бос қиялға беріліп, нақты мүмкіндіктер мен ресурстарды есепке алмау қоғамда сенімсіздік тудырады.
– Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл сөзі қазіргі кезеңдегі мемлекеттік басқарудың басты қағидаларын айқындай түседі. Яғни ел дамуы нақты іс, өлшенетін нәтиже және халықтың мүддесіне негізделуі тиіс. Ұлттық құрылтай алаңында көтерілген бұл ойлар қоғам үшін де, билік институттары үшін де маңызды бағыт-бағдар болып отыр.




