Ұлытау облысында қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Соның айқын дәлелі — өңірдің 8 елді мекенінде соңғы бір жыл ішінде ешқандай қылмыстық құқықбұзушылықтың тіркелмеуі.
Атап айтқанда, Жаңаарқа ауданы аумағындағы Айнабұлақ, Орынбай және М.Жұмажанов ауылдарында соңғы бір жылда қылмыс фактілері тіркелмеген. Ал осы ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылында Ұлытау облысы құрылған уақыттан бері бірде-бір қылмыс орын алмаған.
Сонымен қатар, Ұлытау ауданы құрамындағы Сарлық селосы, Ақтас кенті және Пионер ауылдық округінде де өткен бір жылда қылмыс атаулы болмаған. Терісаққан ауылында да облыс құрылған сәттен бері ешқандай құқықбұзушылық тіркелмеген.
Бұл тек қана құқық қорғау органдарының нәтижелі жұмысы емес. Бұл ең алдымен сол ауылдағы ақсақалдардың елді ауызбірлікке, ынтымақты тірлікке ұйыстыра білген , үлкендік жолдарын ұстана білгендігінің арқасы деп ойлаймын. "Ақылды қария -ағынды дария" деп бекер айтылмайды ғой. Ақсақалдар өз ішіндегі тентегін тыйып отырса, ауылды жердің анау - мынау айқай -шуын дабырлатпай басып отырса, әрине, қылмысқа жол берілмейді. Сондықтан, қалада да, далада да ақсақалдар институтын жандандыра түсу қажет.
Абдолла Нұртауұлы




