Қай халықты алсаңыз да, «ең бірінші байлық – денсаулық» дейді. Ал, сол халықтың денсаулығын сақтауға, қызмет етуге тиісті арнайы мекемелердің жай – күйлері қандай? Жағдайлары заман талабына сәйкес келе ме? Міне, осы сұрақтың жауабына келгенде, мүдірмей сөйлей алмаймыз. Неге?
Өйткені, денсаулық сақтау саласында қордалған мәселелер, түйткілді тұстар өте көп. Мен Сәтбаев қаласындағы жағдай туралы айтып отырмын. Бірақ, нақ осындай жағдай басқа қалалар мен аудандарға да тән деген ойдамын.
Халық арасында «көкбольница» атанып кеткен бұрынғы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ғимаратының жөндеу жұмыстарының басталғанына бірнеше жыл болды. Бірақ, бітетін түрі жоқ. Өйткені, қаржы жүйелі түрде бөлінбей отыр. Сонда қалай? Жөнделмеген тұстарына жетем дегенше жөнделген жерлерінің өзін қайтадан жөндеу қажеттігі туындаса қайтеміз? Ғимараттың бір жағында жөндеу жұмыстары жүріп жататын болса, ем алушыларға қайдағы сапалы қызмет көрсету туралы сөз болуы мүмкін?
Қазір бұл ғимаратта Облыстық фтизио-пульмонологиялық орталық орналасқан. Жалпы жөндеу жұмысына 2 млрд. теңгедей қаржы керек екен. Бұл қазіргі есеп бойынша. Ал, содан биылғы жылға қарастырылып отырған қаржы көлемі 200 млн. теңге шамасында ғана. Бұл тек аталған ғимараттың шатырын жөндеуге ғана жетеді. Егер қаржыны осы «қарқынмен» қарастыратын болсақ, толық жөндеу неше жылға созылуы мүмкін екенін есептей беріңіздер. Сондықтан да, облыстық қаржы бкасқармасы, облыстық депутаттар корпусы бюджет мәселесін қарастырғанда, бұл мәселеге жүрдім – бардым қарауға болмайтынын түсінуге тиіс.
Тағы бір өте өзекті мәселе Сәтбаев қаласындағы «Жедел жәрдем» станциясының жай – күйі. Халыққа жедел жәрдем көрсетуге тиісті бұл мекеменің өзіне шұғыл түрде «жедел жәрдем» көрсетпесек, жағдай мүлдем қиындап кетуі мүмкін. Өйткені, «Жедел жәрдем» көліктері қаншама жылдан ,нақтырақ айтқанда, ең кемі 15 жылдан бері, арнайы гараждардың жоқтығынан қысы – жазы ашық аспан астында тұрып келеді. Жазда – жаңбыр, қыста – қар дегендей... Бұл дегеніңіз көліктердің тозуына тікелей әсер етеді ғой. Мұны бірақ, ескергіміз келмейді. Жылдан жылға кейінге ысырып, ақыры, биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасымен модульдік станция қоюға уағдаласқандай болдық. Бұл үшін 300 млн. теңге көлемінде бюджеттік ұсыным жасалмақ. Модульдік станция деген не? Негізі мұның қызмет көрсетуге өте қолайлы екені байқалады. Яғни, мұнда фелдьшерлер отыратын, демалатын, гараж, көлік жуатын жайлар қарастырылған. Менің ойымша, қаржы мәселесін сөзбұйдаға салмай, шешіп, жұмысты жеделдету керек. Өйткені, модульді станция орнату үшін «Жедел жәрдемнің» ескі ғимаратын бұзу да керек. Мұның бәрі уақыт алады ғой. Сондықтан, жеделдеткен жөн. Күн жылынды, қандай құрылыс жұмыстарын жүргізуге де қолайлы шақ туды. Тек іске кірісу керек. Өкінішке қарай, осы жағы болмай жатыр. Сондықтан, тағы да дабыл қағуға тура келіп тұр.
Кеншіер қаласында МРТ құрылғысын орнату туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Бірақ, амал жоқ айтуға тура келеді. 70 мыңнан аса тұрғыны бар қаланың халқына МРТ құрылғысының қажеттілігін түсіну соншалықты көп ақылды қажет ете қоймайды.
Бұл мәселелер бүгін ғана айтылып жатқан жоқ. Мәселе сол түйіндердің түйін күйінде қалуында. Бұлай жалғастыра беруге болмайды. Жәрдем күткен жәйттер түбегейлі шешімін таппайынша, денсаулық сақтау саласындағы сапалы қызмет туралы әңгіме айтудың орынсыз екенін тиісті орындардың басшылары да, басқамыз да түсінуге тиіспіз.
Болатбек Асқар,
Сәтбаев қаласы мәслихатының депутаты.




