Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының өңдеуші өнеркәсіпті қолдау бағыты аясында ұйымдастырылған көшпелі кездесу барысында «Қазтехфильтр» ЖШС басшылығымен және «Жезқазған – Қызылорда» автожолының құрылысына тартылған Қытай мердігер ұйымдарының өкілдерімен отандық тауар өндірушілердің өнімдерін өткізу және ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Кездесуді ашқан «Қазтехфильтр» ЖШС директоры Ғалымжан Қарабаев кәсіпорынның ұзақ жылдар бойы сапалы отандық сүзгілердің кең ассортиментін өндіріп келе жатқанын атап өтті. Ол бұл өнімдердің мердігер ұйымдар қызметінде тиімді қолданылатынын жеткізді.
Өз кезегінде Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Маржан Жауен жергілікті тауар өндірушілермен ынтымақтастықтың артықшылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, жедел логистика, қолжетімді баға және өнімнің жоғары сапасы ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша өнімнің алғашқы сынамалық партиясын жеткізу жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар қатысушылар өндірістік алаңға барып, жабдықтарды қарап, сүзгілерге қажетті өлшемдер жүргізді.
Мұндай кездесулер отандық өндірушілерді қолдауға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және өңір экономикасының одан әрі дамуына ықпал етеді




