Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл бастама қоршаған ортаның тазалығын сақтау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында жүзеге асырылды.
Сенбілікке облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, коммуналдық қызмет өкілдері, жастар ұйымдары мен еріктілер белсене атсалысты. Ортақ мақсатқа жұмылған қатысушылар қалалар мен елді мекендердегі қоғамдық орындарды, аулаларды, саябақтар мен жол жиектерін қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл өз кезегінде өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және жасыл аймақтарды көбейтуге ықпал етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар халықтың туған жерге деген жауапкершілігін арттырып, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табады.




