Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен ескертпелерін ескере отырып, Үкімет елімізде туризмді дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Премьер-министрдің атап өтуінше, шетелдік турист елді таңдау кезінде ең алдымен ашық дереккөздерге, соның ішінде интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйенеді. Алайда соңғы төрт жылда Қазақстанда шетелдік туристерді тартуға арналған құралдар жаңартылмаған, қолданылып отырған мәліметтер ескірген, ал мәдени, этнографиялық және өзге де туристік контенттің қамтылуы жеткіліксіз.
Осыған байланысты Туризм министрлігіне Мәдениет министрлігімен, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде 2026 жылға арналған мәдени, спорттық және өзге де бұқаралық іс-шараларды қамтитын егжей-тегжейлі жұмыс жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар ұлттық парктер мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға отандық кәсіпкерлердің қол жеткізу мәселесі де көтерілді. Премьер-министр туристік инфрақұрылымды тұрақты дамыту мен қызмет көрсету сапасын арттыруды флора мен фаунаны сақтау талаптарымен үйлестіру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта Экология министрлігіне Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, халықаралық тәжірибені зерделеу және ұлттық парктер, қорықтар мен резерваттар аумағына кәсіпкерлердің реттелген қолжетімділігін қамтамасыз ететін заңнамалық өзгерістер бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Инвестициялық жобаларды іске асыру барысында бизнес өкілдері жағалаудағы қорғау аймақтарына қолжетімділіктің шектелуіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Мәселен, аквапарктер салу үшін қажетті инфрақұрылымды жүргізу мүмкін болмай отырған жағдайлар бар. Бұл мәселеде тепе-тең шешім табу қажеттігін атап өткен Олжас Бектенов Су ресурстары министрлігіне халықаралық озық тәжірибені зерделеп, тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырды.
Аталған тапсырмалардың орындалуын жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.
Үкіметтің бұл қадамдары туризм саласын жүйелі дамытуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және табиғи мұраны сақтай отырып, сапалы туристік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.




