Жезқазған қаласында жаңа заманауи «KENGIR» тұрғын үй кешенінің жобасы таныстырылды. Аталған жоба тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету және қаланың сәулеттік келбетін жаңғырту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
«KENGIR» тұрғын үй кешені – заманауи құрылыс талаптарына толық жауап беретін, жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге арналған тұрғын үйлер кешені. Жоба аясында монолитті темірбетон каркас негізінде салынатын үйлердің беріктігі мен ұзақ мерзімділігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ғимараттардың сыртқы келбеті заманауи желдетілетін фасадтармен безендіріліп, эстетикалық тартымдылығы арттырылады.
Кешенде тұрғындардың күнделікті тұрмысын барынша ыңғайлы ету мақсатында дизайнерлік үлгіде безендірілген кіреберіс алаңдары қарастырылған. Тұрғын үйлер 6–8 қабаттан тұрып, әртүрлі жоспардағы пәтерлер ұсынылады. Сондай-ақ террасасы бар пәтерлер де қарастырылып, тұрғындарға қосымша жайлылық мүмкіндігі беріледі.
Пәтерлер сатып алушыларға таза әрлеуде тапсырылады, бұл өз кезегінде тұрғындарға интерьерді өз талғамына сай безендіруге мүмкіндік береді.
Аталған жоба қала тұрғындары үшін қолайлы тұрғын үй ортасын қалыптастырып қана қоймай, Жезқазған қаласының инфрақұрылымдық дамуына да оң әсерін тигізеді.




