Бердібек кітаптарын оқиық

Жаңалықты бөлісіңіз:

Биылғы  республикалық “Бір ел-бір кітап” акциясы аясында қазақ балалар әдебиетінің классигі, әлем таныған жазушы, қазақ әдебиетін Хан Тәңіріндей биігіне көтерген қарымы бөлек қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары оқылуда.

Бұл жазушының туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралардың бірі. Осы орайда Сәтбаев қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында іс-шаралар ұйымдастырылып, жыл бойы кітап көрмесі насихатталуда. Мақсаты: “Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді” демекші, балалардың сүйікті жазушысы, өзі өмір сүрген ортасының кезең келбетін көз алдыға келтіре кескіндеген, заманның шындығын жүрек сыздата суреттеген, сол бір күндердегі ел өмірін мөлдірете, жан жүректі елжірете мүсіндеген алғыр ойлы, қайсар мінезді, қайтпас рухты, шоқтығы биік тұлғаның еңбектерін оқырмандарға насихаттау,өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру.

Көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазан күні Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келген.

Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастап «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер» журналдарында басылып тұрды. «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында қызмет атқарды. 1952-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор болып жұмыс істеді.

Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмінің сценарийін жазды. 1963 жылы экранға шыққан бұл туынды қазақ кино өнерінің бойтұмарына айналды. 1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ.

Кітап көрмесінде оның «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат»,«Әжесінің баласы» секілді керемет әңгімелері мен повестері, Шығармаларының  үш томдығы , «Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер», «Өлгендер қайтып келмейді» романы мен мерзімді басылымдар қойылған.

Фатима Дүзбаева,

Сәтбаев қалалық балалармен жасөспірімдер кітапханасының

кітап қорын толықтырушы.

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *