Ардақ атанған Аркадий

Жаңалықты бөлісіңіз:

Қазақша сөйлегенде қазақты жаңылдыратын бұл жігіттің кіндігі қара шаңырақ Қарсақбайда кесіліпті. Сондағы Ж.Жабаев атындағы мектептің орыс сыныбында оқыпты. Әкесі Николай ертерек қайтыс болып кеткен, анасы Марина Қарсақбай кенті әкімшілігінде қызмет атқарады екен.

  • Мені қазақшаға ата -анам емес, қазақ тілі пәнінен сабақ берген Гүлмира мұғалім үйретті. Дұрысын айтқанда, ол кісі мені тілге қызықтырды. Әрине, аулада қазақ балалармен бірге ойнап өскесін тілді онсыз да біршама білетін де едім. Бірақ, дұрыстап ден қойғаным Гүлмира Әбілдақызының арқасы. Ол кісі мені аудандық, облыстық, республикалық тіл байқауларына қатыстыратын. Мұндайда дайындалуға тура келеді. Білген үстіне біле түсесің. Сөйтіп, қазақшаны қазақтан кем білмейтін болып алдым -деген Аркадий Побединскийдің әңгімесін тыңдаудың өзі жаныңды жадыратып жібереді екен.
    Отан алдындағы әскери борышын өтеп оралған 2022 жылдан бері С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы -драма театрының қуыршақ труппасында аккомпониатор болып жұмыс істейтін Аркадийдің әке -шешесінің қойған ныспысы қазір “ұмытыла” бастағанға ұқсайды. Өйткені…
    Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Ғалым Мұхамедин бірде театрға келгенде қазақшаны судай сапырып отырған сардомалақты көргенде әуелгіде “орыспын” десе нанбапты. Сосын сүйсініп кеткені соншалық “Сен бұдан былай мен үшін Аркадий емес Ардақсың” депті. Ғалым ағаның қойған “есімі” әріптестеріне де ұнап, қазір олар да мұны “Ардақ” дейтін көрінеді.
    Ол әлем ертегілерін қуыршақ тілімен қазақша сөйлетеді. Жүрген ортасына сондай сүйкімді. Оны білетіндер мұның ізденімпаздығына тәнті. Айталық, ол Жезқазған музыкалық колледжіне оқуға түсуге келгенде бар болғаны көркемсөз оқитын еді. Музыкалық аспаптарда ойнай алмайтын. Қазір домбыраның құлағында ойнайды. Қазақтың басқа да бірқатар ұлттық аспаптарын да меңгеріп алған. Соның бәрі ізденістің жемісі.
    Ол биылғы жылды ең бақытты жылға балайды. Өйткені, жуырда ғана “Шапағат” медалімен марапатталды.
  • Медальді Ақ Орданың төрінде еліміздің Президенті Қасым -Жомарт Тоқаевтың қолынан алғанымды ешқашан ұмыта алмасым анық. Мен сол сәтті ғұмыр бойы аса зор мақтаныш сезімімен айтып жүретін боламын -дейді Аркадий. Біз құжаты бойынша солай жазып отырмыз. Әйтпесе, осы азаматқа “Ардақ” деген есім әбден жарасымды секілді.
    Абдолла Дастан
    Жезқазған қаласы.

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *