Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ұлытау облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен студенттермен ресми кездесу өтті. Кездесуге жоғары оқу орнында білім алып жатқан Ұлытау өңірінің жастары, оның ішінде 2026 жылғы бітіруші түлектер қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – дін саласы бойынша білім алып жатқан студенттерге өңірдегі еңбек ету мүмкіндіктерін түсіндіру және оларды Ұлытау облысына жұмысқа тарту болды. Кездесу барысында өңірде білікті дін мамандарына сұраныстың жоғары екені және бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Облыс әкімдігі тарапынан кадр даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, 2024 жылы арнайы білім беру гранттары бөлініп, қазіргі уақытта 4 студент исламтану және дінтану мамандықтары бойынша білім алуда. Жалпы, бүгінде аталған оқу орнында Ұлытау облысынан 21 студент жоғары діни білім алып жатыр. Олардың 6-уы 2026 жылы оқуын аяқтайды.
Кездесуге Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Жансарин қатысып, студенттерге өңірдегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, еңбек шарттары және әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, ол жас мамандарды туған өңірге оралып, кәсіби қызмет атқаруға шақырды.
Іс-шара барысында қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, студенттердің сауалдарына нақты жауаптар берілді. Кездесу ресми әрі мазмұнды форматта ұйымдастырылды.
Аталған кездесу өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруға және дін саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.




