Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Open Air Senbilik фестивалі форматында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға жергілікті атқарушы органға қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысып, ортақ тазалық жұмысына өз үлестерін қосты.
Жалпы сенбілікке 300 адам жұмылдырылып, 6 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 5 гектар аумақ тазаланып, 77 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Шара тек тазалықпен шектелмей, фестивальдік форматта жалғасын тапты. Қатысушылар үшін таңғы жаттығу, кір тасын көтеру сайысы, жанды дауыстағы әндер және түрлі көңілді бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар пицца мен сусындар ұсынылып, ең үздік учаске байқауы өткізілді.
Сенбілік барысында белсенділік танытқан мемлекеттік мекемелер анықталып, оларға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, іс-шараға қызметкерлермен қатар тұрғындар да балаларымен бірге қатысты. Сондай-ақ қала кәсіпкерлері де қолдау көрсетіп, қатысушыларға сусындар таратты.
Open Air Senbilik фестивалі өңірдегі экологиялық мәдениетті арттырып, қоғамды ортақ іске жұмылдырған ерекше форматтағы шара ретінде өтті.




