Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ұлытау облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен студенттермен ресми кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Ұлытау өңірінен білім алып жатқан студенттер, оның ішінде 2026 жылғы бітіруші түлектер қатысты.
Кездесу барысында өңірдегі дін саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі кеңінен қарастырылды. Облыс әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтіліп, жас мамандарды өңірге тарту бойынша нақты шаралар жүзеге асырылып жатқаны жеткізілді.
Атап айтқанда, 2024 жылы облыс әкімдігі арнайы білім беру гранттарын бөліп, қазіргі уақытта 4 студент исламтану және дінтану мамандықтары бойынша білім алуда. Сонымен қатар, бүгінде аталған жоғары оқу орнында Ұлытау облысынан 21 студент білім алып жатыр. Олардың 6-уы 2026 жылы оқуын аяқтайды.
Іс-шараға Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Жансарин қатысып, студенттерге өңірдегі еңбек ету мүмкіндіктері, жұмыс шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, бітіруші түлектерді туған өңірге оралып, кәсіби қызмет атқаруға шақырды.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Іс-шара ресми әрі іскерлік сипатта өтті.
Аталған кездесу өңірдің дін саласындағы кадрлық әлеуетін нығайтуға және жас мамандарды тартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.




