Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Open Air Senbilik фестивалі форматында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға жергілікті атқарушы органға қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысып, өңір аумағын тазарту жұмыстарына белсене қатысты.
Іс-шараға 300 адам тартылып, 6 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5 гектар аумақ тазаланып, 77 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сенбілік ерекше форматта өтіп, тек тазалық жұмыстары емес, фестивальдік бағдарлама да қамтылды. Қатысушылар үшін таңғы жаттығу, кір тасын көтеру сайысы, жанды дауыстағы әндер және түрлі көңілді іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен бірге пицца мен сусындар ұсынылып, ең үздік учаске байқауы өткізілді.
Шара барысында белсенділік көрсеткен мемлекеттік мекемелер анықталып, оларға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Айта кетерлігі, сенбілікке қызметкерлермен қатар тұрғындар да балаларымен бірге қатысты. Қала кәсіпкерлері де қолдау білдіріп, қатысушыларға сусындар таратты.
Open Air Senbilik фестивалі өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға және қоғамды ортақ іске жұмылдыруға бағытталған ерекше форматтағы шара ретінде өтті.




