Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының кезекті шығарылымы түсірілді. Бұл – өңірде дайындалған екінші арнайы бағдарлама.
Бүгін Ulytau облыстық телеарнасының шығармашылық тобы «112 KZ» жобасының жаңа бөлімін таспалады. Бағдарлама азаматтық қорғау саласының жұмысын халыққа таныстырып, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді.
Түсірілім жұмыстары авиациялық ангар аумағында ұйымдастырылды. Эфир барысында арнайы техникалардың мүмкіндіктері көрсетіліп, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету тәсілдері таныстырылды.
Іс-шараға Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, аймақтағы қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық жабдықтарды жаңарту және жеке құрамның дайындық деңгейі жөнінде баяндады.
Дайындалған телебағдарлама алдағы уақытта өңірлік арна эфирінде көрерменге жол тартады.




