Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) бөлімінің мамандары Қоғамдық кеңес төрағасы Қайрат Смайыловпен бірлесіп №3 және №4 шағын аудандар аумағында мердігер ұйымдардың жұмысына кезекті мониторинг жүргізді. Негізгі мақсат – санитарлық тазалықтың сақталуын тексеру және көрсетілетін қызмет сапасын бағалау.
Аталған аумақтарда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Контейнер алаңдарындағы қоқыстарды «Ұлытау ЭКОСЕРВИС» ЖШС күн сайын тасымалдайды. Ал ірі көлемді қалдықтарды шығару «ПМК-2011» ЖШС тарапынан бекітілген кестеге сәйкес аптасына бір рет жүзеге асырылады. Сонымен қатар балалар ойын және спорт алаңдарын, сондай-ақ аула аумақтарын тазалау жұмыстарын «Экологиялық туризм «Нұрмейірім» қоғамдық ұйымы қамтамасыз етеді.
Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдар – ПИК, басқарушы компаниялар немесе мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) – әрбір тұрғын үйдің айналасындағы 5 метр радиустағы аумақтың тазалығына жауапты. Бұл талап аулалардың ұқыпты әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мониторинг нәтижесінде тазалық жұмыстарына қатысты елеулі кемшіліктер анықталған жоқ. Дегенмен тұрғындар жауапты мекемелерге тек жұмыстың орындалуын ғана емес, оның сапасын да қатаң бақылауға алуды ұсынды. Әсіресе балалар ойын және спорт алаңдарын орнату кезінде қолданылатын құрал-жабдықтардың сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ алаңдағы мүліктің сақталуы тек мердігер ұйымдарға ғана емес, тұрғындардың өздеріне де байланысты екені ескертілді. Ата-аналар балаларға ойын және спорт элементтерін дұрыс пайдалану мәдениетін үйретуі тиіс. Себебі шамадан тыс жүктеме мен ұқыпсыз қолдану жабдықтардың тез істен шығуына әкеледі.
Алдағы уақытта мердігер ұйымдардың жұмысына бақылау жалғасады. Тұрғындардан келіп түсетін ұсыныстар мен ескертулер ескеріліп, қалалық ортаны көркейту және халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек.




