Халықаралық валюта қорының мәліметіне сәйкес, Қазақстан Орталық Азияда жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша көшбасшы атанды. Ел бұл көрсеткіш бойынша Ресей мен Қытайдан да озып отыр.
2025 жылы Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 770 доллар деңгейіне жетті. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 14 260 доллар, Қытайда — 13 690 доллар болды.
Аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанның көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Түрікменстан екінші орында тұр, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан айтарлықтай төмен деңгейде.
Мамандардың пікірінше, экономикалық өсімге шетелдік инвестициялар, инфрақұрылымдық жобалар және бизнес ортаны жақсарту бағытындағы реформалар әсер етті. Сонымен қатар, көлік, логистика, білім беру және денсаулық сақтау салаларына салынған инвестициялар ішкі сұранысты арттырып, еңбек өнімділігін күшейтуде.
Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы мен халықаралық сауда бастамаларына қатысуы да ел экономикасының дамуына серпін беріп отыр.




