Конституцияға өзгеріс енгізу – мемлекеттің құқықтық негізіне ғана емес, қоғамдағы келісім мен тұрақтылыққа тікелей әсер ететін маңызды қадам. Сондықтан мұндай мәселелерді жабық форматта немесе тар шеңберде талқылау мүмкін емес. Конституциялық реформа міндетті түрде ашықтыққа, қоғамдық диалогқа және азаматтардың сеніміне сүйенуі тиіс.
Осы қағидатты басшылыққа алған Конституциялық комиссия өз қызметін бастапқы кезеңнен-ақ жария әрі қолжетімді форматта ұйымдастырды.
Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында бірқатар жүйелі шара қабылданды. Ең алдымен, комиссия отырыстары ресми интернет-ресурстарда және Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл кез келген азаматқа реформаны талқылау барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді.
Тікелей эфирлер арқылы қоғам ұсынылған өзгерістердің мазмұнын, олардың негіздемесін және пікірталас барысын ашық көре алды. Бұл реформаның жабық түрде емес, жария диалог аясында жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Комиссия жұмысы туралы ақпаратты жедел жеткізу және жүйелеу үшін «Конституциялық реформа 2026» атты арнайы Telegram-арна іске қосылды. Бұл платформа отырыстардың қорытындыларын, негізгі ұсыныстарды және ресми түсіндірмелерді бір арнаға жинақтауға мүмкіндік берді.
Цифрлық құралдарды пайдалану ақпараттың бұрмалануына жол бермей, азаматтарға ресми әрі нақты дереккөзге тікелей қол жеткізуге жағдай жасады. Бұл қоғам тарапынан сенімді арттыруға оң әсер етті.
Конституциялық комиссия мүшелерінің басым бөлігі әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, өз пікірлері мен көзқарастарын ашық білдірді. Олар бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, реформаның мәні мен мақсатын кеңінен түсіндірді.
Бұл қоғаммен тікелей байланыс орнатуға, азаматтардың сұрақтарына жедел жауап беруге және түрлі пікірлердің ескерілуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде Конституциялық реформа тек құқықтық үдеріс емес, қоғамдық пікір алаңына айналды.
Комиссия отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуі тек техникалық мүмкіндік қана емес. Бұл – биліктің ашық диалогқа дайын екенінің және қоғаммен тең дәрежеде сөйлесуге ұмтылатынының айқын белгісі.
Ашық формат қоғамдағы алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың алдын алып, ұсынылып отырған нормалардың логикасын түсінуге жол ашты. Ең бастысы, бұл қабылданған шешімдердің заңдылығын және қоғамдық легитимділігін арттырды.
Мемлекет жариялаған «Естуші мемлекет» қағидаты Конституциялық комиссия қызметінде нақты іске асты. Ашық отырыстар, тікелей эфирлер, цифрлық платформалар және қоғаммен тұрақты байланыс – осы саяси бағыттың заңды жалғасына айналды.
Комиссия жұмысының жария түрде өтуі азаматтардың реформаларға деген сенімін күшейтіп, мемлекеттік шешімдердің қоғам сұранысына сай қабылданып жатқанын көрсетті.
Конституциялық комиссия қызметінің ашық әрі жария форматта ұйымдастырылуы Қазақстандағы саяси және құқықтық реформалардың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айқын көрсетті. Бұл тәжірибе қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, Конституцияға енгізілген өзгерістердің кең қоғамдық қолдауға ие болғанын дәлелдеді.
Ашық диалог, ақпараттың қолжетімділігі және азаматтардың белсенді қатысуы Конституциялық реформаның басты тіректеріне айналды. Бұл тәсіл Негізгі заңды жаңарту үдерісін барынша заңды, түсінікті және қоғам үшін қабылданатын деңгейге көтерді.




