Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ұлытау облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен студенттермен, оның ішінде 2026 жылғы бітіруші түлектермен ресми кездесу өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – өңірді дін саласы бойынша білікті кадрлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жас мамандарға Ұлытау облысында еңбек ету мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіру болды. Кездесу барысында бұл бағыттың облыс әкімдігі қызметіндегі басым міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Өңірде кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2024 жылы облыс әкімдігі тарапынан арнайы білім беру гранттары бөлініп, қазіргі уақытта 4 студент исламтану және дінтану мамандықтары бойынша білім алуда.
Бүгінгі күні аталған жоғары оқу орнында Ұлытау облысынан 21 студент білім алуда, олардың 6-уы 2026 жылы оқуын аяқтайды. Бұл өз кезегінде өңірдің дін саласын жас әрі білікті мамандармен толықтыруға мүмкіндік береді.
Кездесуге Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Жансарин қатысып, студенттерге өңірдегі еңбек нарығы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қызметтік міндеттер мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, бітіруші түлектерді туған өңірге оралып, кәсіби қызмет атқаруға шақырды.
Іс-шара барысында қатысушылар арасында мазмұнды пікір алмасу өтіп, студенттердің сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Кездесу ресми әрі іскерлік форматта ұйымдастырылды.
Аталған кездесу Ұлытау облысында дін саласын дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және жас мамандарды өңірге тартуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.




