Конституциялық комиссия барлық түскен ұсыныстар мен қоғамдық талқылаулардың нәтижесін ескере отырып, өзара үйлестірілген және Конституция мәтініне толық енгізілген түзетулердің жинақталған жобасын әзірледі.
Ұсынылып отырған жоба Кіріспеден (Преамбула), 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Ал қолданыстағы редакцияда Конституция Кіріспе, 9 бөлім және 101 баптан құралған болатын.
Жаңа жобада екі жаңа бөлім енгізілді: «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Бұл бөлімдер халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін күшейтіп, Конституцияны өзгерту рәсімінің айқындығын арттыруды көздейді.
Сонымен қатар Конституцияның төрт бөлімі қайта аталды:
• «Жалпы ережелер» – «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп,
• «Адам және азамат» – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп,
• «Парламент» – «Құрылтай» деп,
• «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» –
«Әділет төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деп өзгертілді.
Конституцияның 77 бабына өзгерістер енгізіліп, бұл негізгі заң мәтінінің 84 пайызын қамтиды. Осылайша ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдерін түгелдей қамтып отыр.
Бөлім атауларының өзгеруі немесе баптардың тұжырымдамалық тұрғыда нақтылануы жай ғана редакциялық түзету емес. Бұл – құқықтық дәлдікті күшейтуге, Конституцияның сапасын арттыруға және негізгі заңға деген жаңа, жүйелі көзқарасты қалыптастыруға бағытталған маңызды әрі терең ойластырылған қадам.
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінің жартысынан астам бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, ол жаңа редакцияда қабылдануы тиіс.
Осыған орай, ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып, Қазақстан Республикасының қазіргі заман талаптарына, қоғам сұранысына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына сай келетін Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау орынды әрі негізді шешім болды.
Демек, бұл бастама жекелеген түзетулермен шектелмейді. Ол – Конституцияның мазмұны мен тұжырымдамалық негіздерін түбегейлі жаңартуды көздейтін терең конституциялық жаңғырту болып табылады.




