Конституциялық комиссия түскен барлық ұсыныстар мен жүргізілген талқылаулардың нәтижесінде Конституция мәтініне енгізілетін түзетулердің өзара келісілген жинақталған жобасын әзірледі. Ұсынылып отырған құжат Қазақстан Республикасының Негізгі заңының мазмұны мен құрылымын жүйелі түрде жаңартуға бағытталған.
Жаңа редакцияда Конституция Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Ал қолданыстағы нұсқада Кіріспе, 9 бөлім және 101 бап болған. Осылайша құрылымдық өзгерістер енгізіліп, Негізгі заңның логикалық жүйесі қайта қаралды.
Құжатқа екі жаңа бөлім енгізілді: «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Сонымен қатар төрт бөлімнің атауы өзгертілді. Атап айтқанда, «Жалпы ережелер» бөлімі – «Конституциялық құрылыс негіздері» деп, «Адам және азамат» – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталды. «Парламент» бөлімі «Құрылтай» деп өзгертілсе, «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» бөлімі «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деген жаңа атауға ие болды.
Жалпы алғанда, 77 бапқа түзету енгізілді, бұл Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызын құрайды. Осылайша өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімін қамтып отыр.
Бөлімдердің атауларын өзгерту мен баптардың тұжырымдарын нақтылау жай ғана редакциялық түзетулер емес. Бұл – құқықтық нақтылықты күшейтуге, тұжырымдамалық тәсілді жаңартуға және Конституцияның сапасын арттыруға бағытталған терең әрі ойластырылған қадам.
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, егер құжат мәтінінің жартысынан астамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, оның жаңа редакциясы қабылдануы тиіс. Ұсынылып отырған түзетулердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын қабылдау орынды әрі негізді шешім болды.
Осылайша, сөз жекелеген өзгерістер туралы емес, Негізгі заңның мазмұны мен тұжырымдамалық негізін түбегейлі жаңғыртатын кешенді конституциялық реформа жөнінде болып отыр.




