Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Конституциялық комиссиясының құрамы бекітілді. Комиссия құрамына шамамен 130 адам енді. Оның қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, сарапшылар, медиа қызметкерлері, ғылыми және мәдени қауым өкілдері бар.
Сонымен қатар, комиссия құрамына Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер енгізілді. Парламентте өкілдігі бар барлық саяси партиялардың — Amanat, Ақ жол, Ауыл, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстан Халық партиясы және Respublica партияларының өкілдері де комиссия жұмысына қатысады.
Бұл құрам Конституциялық комиссияның қазақстандық қоғамның негізгі салаларын толық қамтығанын және елдегі білікті мамандардың бір алаңға жиналғанын көрсетеді. Комиссия мүшелерінің арасында заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар және түрлі саладағы сарапшылар бар.
Комиссияны жасақтау кезінде кәсіби құзырет басты өлшем ретінде алынған. Сонымен бірге ішкі тепе-теңдік сақталған. Өңірлік өкілдік қамтамасыз етіліп, елдің барлық аймақтарынан, оның ішінде өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен тәжірибелі мамандар енгізілген.
Сондай-ақ гендерлік тепе-теңдікке де мән берілген. Комиссия құрамында ғылым, мемлекеттік басқару және кәсіпкерлік салаларындағы беделді әйел мамандар бар.
Комиссия мүшелерінің барлығы, соның ішінде заң шығару үдерісіне тікелей қатысып жүрген тұлғалар, ауқымды кәсіби тәжірибеге ие. Мұндай кәсіби құрам Конституциялық комиссияға жүктелген, ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуына толық негіз қалайды.




