Вице-премьер Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековпен бірге Кеңгір ауылында жүзеге асырылып жатқан «Kengir Agro» кооперативінің жұмысымен танысты. Жарты жыл бұрын бастау алған жоба аясында бүгінде материалдық-техникалық база қалыптасу үстінде. Қазіргі таңда 100 гектар аумаққа картоп егу жұмыстары жүргізілуде, ал алдағы кезеңде мал азықтық дақылдар егу жоспарланған. Сонымен қатар, қуаттылығы 3 мың тонна болатын картоп сақтау қоймасының құрылысы басталмақ. Серік Жұманғарин жобаға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Жұмыс сапары барысында таныстырылған келесі нысан – облыстағы алғашқы көкөніс сақтау қоймасының құрылысы. Қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын бұл жоба қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталған бастамалар өңірде көкөніс пен жеміс-жидек бағасын тұрақтандыруға, маусымаралық кезеңде тапшылықты болдырмауға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Жиын барысында фермерлер, шаруа қожалықтарының басшылары мен кәсіпкерлер өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық көтерілген мәселелер мұқият тыңдалып, тиісті шешімдер қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Обләкім баспасөз қызметі




