Аталған шараның басты мақсаты – өңірде кедергісіз орта қалыптастыру деңгейін бағалау, сондай-ақ нысандардың барлық санаттағы азаматтар үшін қолжетімділік пен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтау болды. Тексеру барысында пандустардың болуы, кіреберіс топтардың жағдайы, қозғалысқа қолайлылық және қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін өзге де инфрақұрылым элементтеріне ерекше назар аударылды.
Мониторинг жұмыстарына мәслихат депутаттары, бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік қорғау және қалалық ортаны дамыту мәселелеріне жауапты мамандар қатысты. Тексеру барысында бірқатар оң тәжірибелер анықталғанымен, әлі де жетілдіруді қажет ететін кемшіліктер де белгілі болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көшпелі тексерулер тек проблемаларды анықтаумен шектелмей, оларды шешудің нақты жолдарын әзірлеуге бағытталған. «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру – әрбір азаматтың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да, әлеуметтік инфрақұрылым мен қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, мониторинг барысында анықталған ұсыныстар мен ескертулер негізінде тиісті шаралар қабылданатын болады.




