Конференцияның жұмысына облыс əкімі Дастан Рыспеков, "Ардагерлер ұйымы" РҚБ Орталық кеңесі терағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев қатысты. Алқалы жиында сөз сөйлеген облыс əкімі ардагерлердің қоғамдық өмірдегі маңызды орнына тоқталып, алдағы жұмыстарына сəттілік тіледі. Ардагерлерге ақжарма тілегін білдірген Өмірзақ Озғанбайұлы қасиетті Ұлытау өңірінің қазақ халқы тарихында зор маңыз алатынын таразылай келіп, ұлтымызды ұйыстырудағы айтарлықтай ықпалына тоқталды. Ақсақалдарымыздың қазыналы қарияға тəн өнеге-үлгі көрсетіп, жастарға ұлттық құндылық пен дəстүрімізге сай тəлімді тəрбие беруі жайлы терең əңгіме қозғады.
Конференцияда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов 2022 жылдың тамызынан бергі атқарған жұмысы туралы есепті баяндама жасады. Баяндама бойынша Жаңаарқа ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Əбжанов, Жездідегі бастауыш ардагерлер ұйымының жетекшісі Тілеген Рахымбеков, Қаражал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереке Рахымбекова сөйледі. Делегаттар тексеру комиссиясының есебін тыңдап мақұлдады. Облыстық ардагерлер кеңесі сайланды. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағалығына Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесін басқарған Мұрат Қазамбаевтың кандидатурасы ұсынылып делегаттар оны бірауыздан қолдады. "Ардагерлер ұйымы" РҚБ ХІ сьезіне Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев пен Жаңаарқа ауданының фермері, ардагерлер ұйымының мүшесі Мағауия Əбілжанов сайланды. Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев бұған дейін облыс ардагерлер ұйымына басшылық жасаған Сағындық Қожамсейітовтің төрағалықты тапсырып, демалуды ұйғарғанын алға тартып, осы жылдардағы ұйым беделін арттырудағы зор еңбегін атап өттті, айрықша ризашылығын білдірді. 85 жасқа толған мерейтойына орай Құттықтау хат тапсырып, иығына құрметтеп шапан жапты.
Сондай-ақ бір топ ардагерлерге "Ардагерлер ұйымы" РҚБ-нің "Құрмет белгісі" төсбелгісі, Ұлытау облысының Құрмет грамотасы, "Ұлытау облысының Құрметті ардагері" төсбелгісі тапсырылды.
Конференция соңынан облыстық ардагерлер ұйымының алғашқы ұйымдастыру пленумы болды. Онда облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып Амандық Рахұлы, жауапты хатшылыққа Күлаш Кулбаева сайланды.




